Accessibility links

Киев пен ДХР тұтқындар алмастырды


Украина армиясы мен сепаратистер тұтқындар алмастырып жатыр. Донецк, 12 қыркүйек 2014 жыл.
Украина армиясы мен сепаратистер тұтқындар алмастырып жатыр. Донецк, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Бүгін мәлім болғанындай, Украина жағы ресейлік 23 жастағы Мария Коледаны тұтқыннан босатқан. Бұл туралы Twitter әлеуметтік желісі арқылы адвокат Дмитрий Аграновский хабарлады. Коледаны сәуір айында Украина қауіпсіздік қызметінің өкілдері ұстап, «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған», «тыңшылық жасаған» деген айыптар таққан.

Дүйсенбінің кешінде Донецк маңында украиналық әскерилер мен ресейшіл сепаратистер кезекті рет тұтқындармен алмасқан.

Украина президентінің баспасөз хатшысы Святослав Цеголконың Интерфакс агенттігіне айтуынша, Константиновка елдімекені жанында сепаратистер украиналық әскерилерге сегіз тұтқынды берген. Ресейдің «Новости» агенттігі бұған қоса украиналық әскерилерге қаза тапқан екі сарбаздың сүйектері берілген деп хабарлады. Украиналық әскерилер сепаратистерге бір тұтқынды қайтарған.

Бұған дейін 14 қыркүйекте болған алмасулар нәтижесінде екі жақтың әрқайсысы қарсы тарапқы 73 тұтқынды тапсырған болатын.

Бұл алмасулар Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеу жөнінде байланыс тобының 5 қыркүйек күні Минскіде өткізген кеңесулері барысында қол жеткізілген атысты тоқтату және тұтқындағы адамдарды алмастыру туралы келісім аясында жүзеге асырылған.

XS
SM
MD
LG