Accessibility links

Донбасс мәртебесі туралы заң қабылданды


Қала орталығындағы өртенген автокөлік қаңқасы жанынан өтіп бара жатқан әйел. Донецк, 15 қыркүйек 2014 жыл.

Қала орталығындағы өртенген автокөлік қаңқасы жанынан өтіп бара жатқан әйел. Донецк, 15 қыркүйек 2014 жыл.

Украина Жоғарғы Радасы бүгін жабық отырысында Донбасстың жекелеген аудандарының ерекше мәртебесі туралы заң жобасын қабылдады. Мәселен, бұл құжатта Донецк және Луганск «халық республикаларын» жақтайтындарға рақымшылық жариялау, сонымен бірге осы аймақтарда биыл 7 желтоқсанда кезектен тыс сайлау өткізу қарастырылған.

«Свобода» фракциясындағы Юрий Сиротюк заң жобасына парламентте 277 депутат қолдап дауыс бергенін хабарлады.

Дүйсенбі күні ел президенті Петр Порошенко Донбасстың жекелеген аудандарында үш жылға ерекше өзін өзі басқару режимін енгізу туралы заң жобасын парламентке енгізген. Ол құжатта сепаратистерге рақымшылық жарияланатындығы, орыс тілінің қолданылуына кепілдік берілетіндігі, прокуратура мен сот жетекшілерін тағайындаудың ерекше тәртібі енгізілетіндігі және оларды тағайындауға жергілікті өзін өзі басқару органдары да қатыса алатындығы, Донбассқа әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсету туралы айтылған.

Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» сейсенбі күні Донбасстың жекелеген аймақтарының өзін өзі басқару режимі туралы заң жобасы ДХР үшін «өзекті емес» екендігін, бірақ «болашақ келіссөздер үшін түйісу нүктесі» болуы ықтимал екені жайлы мәлімдеген. «Луганск халық республикасының» өкілдері Порошенконың заң жобасы сепаратистер талаптарына негізінен сай келетіндігін, бірақ онда «түсініксіз жайттар да жетерлік» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG