Accessibility links

Жоғарғы Рада люстрация туралы заң қабылдады


Украина Жоғарғы Радасы сейсенбі күні люстрация туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Екі мәрте өткізілген дауыс беру нәтижесінде қажетті дауыс жинай алмаған заң жобасына тек үшінші қайтара дауысқа салынған кезде, сессия залында тіркелген 246 депутаттың 231-і қолдау білдірді.

Жоба түсініктемесінде бұл заң «билікке деген сенімді қалпына келтіру және еуропалық стандарттарға сай жаңа билік жүйесін құруға жағдай жасау мақсатымен мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды, лауазым иелерін, жергілікті өзін өзі басқару органдарын тексерудің негізін белгілейтіндігі» айтылған. Құжатта люстрациялық орган құрылатындығы жазылған.

Рада депутаттары заң жобасын қайта-қайта дауысқа салып жатқанда, парламент алдында тұрған белсенділер билікті тазартуды көздейтін заң қабылдауды созып жіберген парламентке наразылық ретінде автокөлік дөңгелектерін өртеп, ғимараттың ішіне кіруге әрекет жасады. Кейін заң жобасының қабылданғаны белгілі болған соң, белсенділер Украина гимінін шырқап, «заң қабылдануы – күрестің басы» екенін айтып, біраз уақыттан соң тараған.

Люстрация туралы заң қабылдау – Украинада биліктің ауысуына алып келген, үкіметке қарсы жаппай наразылықтар кезінде Майданда айтылған басты талаптардың бірі болатын.

XS
SM
MD
LG