Accessibility links

Әкімдік тіл туралы рұқсатсыз жиын өткізбеуді ескертті


Республика сарайында өткен қазақ тілін қолдауға арналған жиын. Алматы, 20 қыркүйек 2009 жыл. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының қорындағы сурет.
Республика сарайында өткен қазақ тілін қолдауға арналған жиын. Алматы, 20 қыркүйек 2009 жыл. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының қорындағы сурет.

Алматы қалалық әкімдігі «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы ақын Мұхтар Шахановқа билік рұқсат бермеген іс-шараны ұйымдастырушылар жауапқа тартылатынын ескерткен. Шахановтың Азаттыққа айтуынша, қоғамдық қозғалыс 20 қыркүйекте Алматыда тіл тақырыбына қатысты жиын өткізуді сұрап әкімдікке тамыз айының соңында жолдаған хатына Алматы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжоловадан ресми жауап алған.

Онда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы мен «Қазақконцерт» акционерлік қоғамы Қазақстан мәдениет және спорт министрлігінің, Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құзіретіне жататындығы айтылған.

«Аталған нысандарда 2014 жылғы 20 қыркүйек күні концерттік бағдарламалар ұйымдастырылуына байланысты Алматы қаласының әкімдігі акция өткізуге рұқсат бермейді. Сонымен қатар, рұқсат етілмеген іс-шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы заңына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады» делінген ресми хатта.

Мұхтар Шахановтың айтуынша, «Мемлекеттік тіл» қозғалысы Алматы билігінің шешімімен қалада митинг, шерулер өткізетін орын ретінде белгіленген «Сарыарқа» кинотеатрының сыртындағы алаңқайда жиын өткізуге де рұқсат ала алмаған.

Биыл 22 қыркүйек күні Қазақстанда алғаш рет тіл туралы заң қабылданғанына 25 жыл толады.

XS
SM
MD
LG