Accessibility links

Киев шекараға Ресей әскері таяғанын айтады


Қырымның солтүстік бөлігінде, Украинамен арадағы әкімшілік шекараға Ресейдің төрт мыңдай әскері ауыр әскери техникамен жақындап келген. Бұл туралы 18 қыркүйек күні осы елдің Украина қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенко хабарлады.

Оның айтуынша, "Қырымның солтүстік бөлігінде орналасқан Ресейдің барлық әскери бөлімдері Армянск, Красноперекопск, Джанкой, Воинское, Азовское елді мекендерінен шығып, Украинамен арадағы әкімшілік шекараға жақын келіп орналасқан. Қару-жарақтарымен, әскери техникасымен жылжыған бұл әскер қазір Каркинит шығанағы мен Арабат аралығында тұр".

Лысенко НАТО-ның ресми өкілі Оан Лунгескудің "Ресейдің Қырым түбегіне толық жабдықталған әскер орналастыруы аймақтағы жағдайды шиеленістіріп, Донбасстағы бітімді бұзуға итермелейді" дегенін хабарлады.

Ол "Ресей пилотсыз ұшақтар арқылы әуеден барлауды жиілеткенін, кейінгі тәулік ішінде шекарашылар сондай үш оқиғаны тіркегенін. Пилотсыз ұшақтардың бірі Мариуполь маңынан, екеуі уақытша басып алынған Қырым шекарасынан байқалғанын" айтады.

Лысенко "Кеше Украина шекарашылары АТО аймағынан заңсыз қару-жарақ шығару әрекетінің жолын кесті. Мариуполь маңындағы Куликов-Урзуф жолында тоқтатылған көліктен 14 Ф-1, бір РГД-5 гранаталары, 10 қорап оқ табылды" дейді. Көліктегі адамдар өздерін "еріктілер" деп таныстырған.

Мұның алдында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу "Қырымдағы Ресей әскерінің күшейтілетінін" мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG