Accessibility links

Инчхон-2014: Қазақстан алғашқы алтындарын алды


Азия ойындарының чемпионы, қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов.
Азия ойындарының чемпионы, қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов.

Ауыр атлет Маргарита Елисеева (салмағы - 48 килограмм) Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының чемпионы атанды. Сөйтіп ол Қазақстанға алғашқы алтынды әперді.

Маргарита Елисеева қоссайыс қорытындысы бойынша 194 килограмм (жұлқа көтеруде - 88 кг, серпе көтеруде - 106 кг) салмақ көтеріп, алтын медаль алды. Күміс пен қоланы Индонезия мен Өзбекстан атлеттері иеленді.

Ал Қазақстан дзюдошылары Азия ойындарының бірінші күні үш медаль иеленді. Алтын медаль алған Елдос Сметов (60 килограмм) финалға дейін Кабатулло Аминов (Тәжікстан) пен Ю Ки Тинг (Гонконг) және Тори Шишимиді (Жапония) иппонмен (таза жеңіс) ұтты. Ал финалда әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған Моңғолия палуаны Болваатар Ганбатты жеңді.

Ал Азамат Мұқанов (66 килограмм) пен әйелдер арасындағы дзюдода Линара Минғазова (52 килограмм) қола медаль иеленді.

Қазақстан құрамасында әзірге екі алтын, үш қола медаль бар. Бұған дейін синхронды жүзуден Александра мен Екатерина Немичтер қола жүлде алған.

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында XXVII жазғы Азия ойындары 20 қыркүйек күні басталды. Оған Қазақстаннан 420 спортшы қатысып жатыр. Халықаралық спорт жарысы 4 қазан күні аяқталады.

XS
SM
MD
LG