Accessibility links

Ресей «БТА Банк» ісі бойынша күдіктіні Қазақстанға берді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Бүгін, 21 қыркүйекте Қазақстан құқық органдары қызметкерлері Қазақстан азаматы Ерлан Қосаевты Ресейден Астана қаласына жеткізіп, уақытша ұстау абақтысына қамады. Бұл туралы Қазақстан бас прокуратурасы хабарлады.

Бас прокуратураның ақпараты бойынша, Ерлан Қосаевты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін беру туралы Астананың сұрауын Ресей бас прокуратурасы қанағаттандырған.

Қазақстан тергеу орындары Қосаевқа «2005 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет етіп, «БТА Банк» акционерлік қоғамының ақшалай қаражатын ірі мөлшерде ұрлаған және кейіннен оларды заңдастырған» деген айыптар тағып отыр.

Бірнеше жыл бойы Қазақстан тарапынан мемлекетаралық іздеуде болған Ерлан Қосаевты Ресей құқық органдары Брянск қаласында ұстаған.

Қазақстан «БТА Банк» ісі бойынша негізгі күдікті санайтын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өткен жылдың жазынан бері Францияда қамауда отыр. Астана «қаржылық алаяқтық жасап, 6 миллиард доллар жымқырған» деп айыпталған Әблязовті Ресей және Украина сұратып отыр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Әблязов өзіне тағылған айыптарды «саяси астары бар» деп, мойындамайды.

XS
SM
MD
LG