Accessibility links

Қазақстан Ауғанстандағы билік бөлінісін құптады


Ауғанстан президенті болып сайланған Ашраф Ғани. Кабул, 22 қыркүйек 2014 жыл.

Ауғанстан президенті болып сайланған Ашраф Ғани. Кабул, 22 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстан Ауғанстандағы президент сайлауының ресми қорытындысын, Ашраф Ғанидың президент болып жариялануын және Абдулла Абдулланың үкіметке жетекшілік жасайтыны туралы келісімді құптады. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады. Министрлік таратқан мәлімдемеде "Сайлау бұл елде бірінші рет биліктің бейбіт түрде ауысуына жол ашып, Ауғанстанның демократиялық бағытта дамитын тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу жолындағы маңызды кезең саналады" делінген.

21 қыркүйекте Ауғанстанда биыл президент сайлауының екінші кезеңінде бәсекелес болған елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла мен бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани ұлттық ынтымақтастық үкіметін құру және билікті бөлісу туралы келісімге қол қойған. Оған сәйкес, Ашраф Ғани президент қызметін атқарады, Абдулла Абдулла үкіметке жетекшілік жасайтын болады. Бұған дейін Ауғанстанда президент атқарушы билікті өзі басқарып келген еді.

Осы келісімге дейін Ауғанстанда 14 маусым күні өткен президент сайлауының екінші кезеңінің қортындысына қатысты дау шыққан. Ол жолы сайлауда Ашраф Ғанидың жеңгені айтылғанымен, Абдулла Абдулла «сайлау нәтижесі бұрмаланды» деп, бәсекелесінің жеңісін мойындаудан бас тартқан. Нәтижесінде, БҰҰ өкілдерінің бақылауымен дауыстар қайта саналған.

Қазақстан СІМ "ауғандықтардың өмірі мен елдің қауіпсіздігіне қатер төнгеніне қарамастан мемлекеттілікті қалпына келтіру ұмтылысын жоғары бағалайтынын" білдірген.

Қазақстан бұған қоса жаңа ұлттық ынтымақтастық үкіметі сайлаушылар берген мандатты Ауғанстан азаматтарының әл-ауқатын көтеруге, елде түбегейлі реформалар жасауға пайдаланады, ал президент мемлекетті бейбіт түрде қалыптастырып, конституцияның сақталуының кепілі болады деген үміт артады.

XS
SM
MD
LG