Accessibility links

Өзбекстан Гүлнара Каримованың үйқамақта екенін растады


Локсли Райан жариялаған Гүлнара Каримованың биылғы суреті. 16 қыркүйек 2014 жыл.

Локсли Райан жариялаған Гүлнара Каримованың биылғы суреті. 16 қыркүйек 2014 жыл.

Өзбекстан бас прокуратурасы президент Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримованың үйқамақта отырғанын және коррупция мен басқа да қылмыстық істерге қатысты тергеліп жатқанын растады.

42 жастағы Гүлнара Каримова көбінесе Еуропада тұрып келген дәулетті іскер әйел ретінде танылып, Өзбекстанды ұзақ жылдар басқарып отырған 76 жастағы әкесінің мұрагері болуы мүмкін деген болжамдар айтыла бастаған еді. Бірақ былтырдан бері жемқорлық дауына ілінген Каримованың елдегі барлық бизнес орындары жабылып, бірнеше әріптесі мен досы сотталып, өзі қазір Ташкенттегі үйінде "қамақта" отыр.

Бас прокуратура кеңсесі 23 қыркүйекте таратқан мәлімдемесінде Гүлнара Каримованың 16 жастағы қызы Иманмен бірге үйде "оқшау ұсталып отырғанын" растаған.

Прокуратура "Каримова ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне әкімшілік тетіктерді пайдаланып, коррупциялық элементтерді іске асырған болуы мүмкін" дейді.

Қыркүйектің 16-сы күні Каримованың адвокаты Локсли Райан "үйқамақта ұстаушылар Гүлнара Каримова мен оның қызын жүйелі түрде аш қалдырып, сырттан ас-су кіргіздірмейді және оларға шұғыл медициналық көмек қажет" деп мәлімдеген.

Бірақ Өзбекстан прокуратурасы Гүлнара Каримова мен оның қызының денсаулығында ешқандай "проблема жоғын" айтып, АҚШ-та туған Иманның қайда "барғысы келсе де өз еркі барын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG