Accessibility links

Жетібайда теміржол жұмысшылары наразылық білдірді


Жетібай теміржол станциясындағы наразы жұмысшылар. Маңғыстау облысы, 24 қыркүйек 2014 жыл.
Жетібай теміржол станциясындағы наразы жұмысшылар. Маңғыстау облысы, 24 қыркүйек 2014 жыл.

Бүгін Маңғыстау облысы Қарақия ауылының Жетібай ауылында теміржолда істейтін жиырмаға жуық жұмысшы наразылық білдірді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Жетібайдағы филиалы – «Маңғыстау жол дистанциясына» қарасты ПЧ-13 мекемесінің жұмысшылары бүгін таңертең жұмысқа шыққанын белгілеу үшін барғанда теміржол бойындағы кеңселеріне кіре алмағанын айтады.

Жұмысшылардың Азаттық тілшісіне түсіндіруінше, «Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» атты жаңа мекемеге ауыстырған кезде олар өздеріне бөлім басшылығына қойылған адамның осы қызметке тағайындалуына қарсы болған. Бұдан соң олардың кейбірі өздерінің жұмыстан қысқаратыны туралы жазбаша ескерту алған.

Сәрсенбі күні жұмысшылар теміржол бөлімшесінің басшысымен сөйлесе алмады. Кеңсеге келген учаске басшысы «бастық кеңсені ашпа дегенін» айтып, Азаттық тілшісінің жұмысшылар талабына қатысты қойған сұрақтарына жауап бермей кетіп қалды.

«Қазақстан теміржолы» компаниясының баспасөз қызметі Азаттықтың сауалына мәселені анықтаған соң жауап берілетінін айтты.

Бұдан екі апта бұрын, 10 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылында «Маңғыстау жол дистанциясы» мекемесінің ондаған жұмысшысы басшылықтан бұрынғы жұмыс орындарында қалдыруды, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен еді.

XS
SM
MD
LG