Accessibility links

Мәскеу Киевке ЕО-мен келісім салдарын ескертті


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко.

Мәскеу егер Киев Еуропа Одағымен сауда келісіміне қол қойса Украинаға Ресей нарығы жабылатынын ескерткен. Бұл жайында Ресей президенті Владимир Путиннің Украина президенті Петр Порошенкоға жазған хатына сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.

Путиннің 17 қыркүйекте жазған хатынан агенттік үзінді келтірген. Путин егер Киев ЕО-мен ассоциация туралы келісімге қол қоюға асықса украин тауарлары үшін Ресей нарығының жабылатынын айтып, Мәскеудің "тіпті мемлекеттік заңдарды Еуропамен сауда келісімін жасауға ыңғайлы етіп өзгертудің өзіне дереу жауап қайтаратынын" ескерткен. Егер Киев ЕО-мен сауда келісімінің кез-келген бөлігін іске асырса Украина "өмірлік маңызы бар Ресей нарығына шыға алмайды" деп жазған Кремль билігі.

"Тек ассоциация туралы келісімге Ресей-Украина экономикалық байланыстарының, жалпы ресей экономикасының барлық саласына төнетін қауіпті ескере отырып түзету жасау ғана екі ел арасындағы қазіргі сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалуға мүмкіндік береді" делінген хатта.

Ресейге құрыш, көмір, химикаттар мен бидай өнімдерін экспорттайтын Украина тарифтер көтерілген жағдайда жылына үш миллиард еуро көлемінде қаржыдан айырылады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай хаттың болғанын я растап, я теріске шығарған жоқ.

17 қыркүйекте Украина үкіметі ЕО-мен ассоциация туралы келісімді іске асыру жөніндегі шаралар жоспарын мақұлдаған.

12 қыркүйекте Украина, ЕО және Ресей өкілдері келіссөздерде Украина мен ЕО арасындағы еркін сауда айналымы туралы келісімнің күшіне ену мерзімін 2015 жылдың соңына дейін созуға келіскен.

Өткен аптада Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Киев ЕО-мен еркін сауда айналымы жөніндегі шарттарды жедел іске асыра бастаған жағдайда украин тауарларына баж салығын енгізу туралы қаулыға қол қойған.

XS
SM
MD
LG