Accessibility links

Мамандар «постер ісінен» гомофобия көреді


Құрманғазы мен Пушкиннің "сүйісі" бейнеленген постер жасаушылардың әлеуметтік желідегі кешірім сұрау посты.
Құрманғазы мен Пушкиннің "сүйісі" бейнеленген постер жасаушылардың әлеуметтік желідегі кешірім сұрау посты.

Алматы соты Құрманғазы мен Пушкиннің «сүйісуін» бейнелейтін даулы постер шығарған компанияға айыппұл салды. Ал сарапшылар постерді жарнама деп атауға келмейтінін айтады.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қыркүйектің 24-і күні Құрманғазы мен Пушкиннің «сүйісіп тұрғаны» бейнеленген даулы постерді жасаған Euro RSCG Kazakhstan жарнама агенттігін кінәлі деп тауып, агенттікке 100 айлық есептік көрсеткіш (185 200 теңге) көлемінде, бас директоры Дария Хамитжановаға – 70 айлық есептік көрсеткіш (129 640 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының шағымы бойынша жауапкерлер әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «жарнама ретінде таратуға тыйым салынған тауарды (жұмыс пен қызмет) өндіру, тарату, орналастыру және қолдану» (349-бап, 1-бөлік) бабы бойынша айыпталған еді.

«БІЗДІҢ ПРЕЗИДЕНТ ТЕ СҮЙІСЕДІ»

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис компанияның неліктен жарнамаға қатысты айыпталғанын түсінбейді. Өйткені постерден ешқандай жарнама көріп тұрмағанын айтады.

- Совет кезеңін еске алайық, бас хатшылар өзге елдің бас хатшыларымен үздіксіз сүйіскен. Кейде біздің президент те әлдекімдермен сүйіседі. Ал бұл жарнама ма? Ненің жарнамасы? – деп сұрайды ол.

Жовтистің ойынша, постер төңірегіндегі дау Қазақстан қоғамындағы дәстүрлі емес жыныстық азшылық өкілдеріне деген ксенофобияны және биліктің сол теріс көзқарасты әйгілей түсу әрекетін көрсетті.

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы

Халықаралық бір байқауға қатысу үшін салынған постер эскизінің авторлары осы жобалары арқылы Алматыдағы Құрманғазы мен Пушкин көшелерінің қиылысында тұрған «гей-клубты жарнамалауды мақсат тұтқандарын» жазған еді. Бұл эскиз шынайы жарнамаға айналмаған. Постер төңірегіндегі дауды басынан бақылап келе жатқанын айтқан өнертанушы Валерия Ибраева «постердің сызбасын ғана жасаған компанияның» еш кінәсі жоқ деп есептейді.

Бұл шамамен мынадай нәрсеге ұқсайды ғой. Егер мен үйімде отырып, қағаз бетіне «свастика» салсам, үйіме келген құрбым сол қағазды алып кетіп, елдің бәріне көрсетіп «қараңыз, ол үйінде свастика салады екен» [деп жар салса, кейін сол үшін мені жазалаумен] пара-пар ғой, - дейді өнертанушы.

«НАСИХАТТАҒАН ЖОҚПЫЗ»

Постердің эскизін жасаған Euro RSCG Kazakhstan компаниясының бас директоры Дария Хамитжанова оны «жарнама ретінде насихаттамағандарын, эскизін интернет қолданушылары мен ақпарат құралдары таратқанын» айтады.

- Ішкі саясат басқармасында постерді біздің таратқанымызды дәлелдейтіндей еш дерек жоқ, - дейді ол.

Ал шағым беруші жақ - Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы компанияның «постерді жарнамалаған жоқпыз, таратпадық» деген уәжіне қарсы уәж айтады.

Келесі жолы ондай қайталанбайды, басқаларға да сабақ болады деп үміттенеміз.

- Олар таратпағанмен бәрібір бұқара халыққа жетті ғой. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін бұл мәселе бойынша қаншама шу болды. Біз оған көз жұмып қарай алмадық. Ұлағатты тұлғамызға (Құрманғазы – ред.) қатысты сондай сурет шығару дұрыс емес деп ойлаймыз. Келесі жолы ондай қайталанбайды, басқаларға да сабақ болады деп үміттенеміз. Нақты кім істеді сол жауап беруі керек деп есептейміз, - дейді басқарманың бас маманы Айсұлу Қуанышбекова Азаттық тілшісіне.

«МОРАЛЬДЫҚ ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ» КӨБЕЮІ

Ал сот шешімімен келіспей отырған Euro RSCG Kazakhstan апелляциялық шағым түсірмекші.

Біріншіден, бұл – жарнама емес. Екіншіден, этикалық мәселелер бойынша ешқандай арнайы психологиялық-өнертану сараптамасы жасалмай-ақ, басқарма арқылы іс біржақты шешілген, - дейді Дария Хамитжанова Азаттық тілшісіне.

Хамитжанованың айтуынша, бұл істен бөлек, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттері де Euro RSCG Kazakhstan компаниясынан моральдық шығын талап етіп сотқа ұжымдық шағым түсірген.

Болашақ қозғалысының гейлерге қарсы жиынын көріңіз

"Гомосексуализмге қарсы заң" дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Бұған дейін өзін «Құрманғазының ұрпағымын» деп таныстырған Нұркен Халықберген есімді азамат та сотқа шағым беретінін мәлімдеген болатын. Алайда жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оның шағымын сот қабылдамаған.

Биылғы тамыз айында 19-ғасырда өмір сүрген қазақтың дәстүрлі күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы мен орыстың классик ақыны Александр Пушкиннің «сүйісіп тұрған» бейнелері салынған жарнамалық постер жобасы әлеуметтік желілер арқылы тарап, қоғамның бір бөлігінің ерекше наразылығын тудырған еді. Бұған қатысты белсенділер арнайы органдарға шағым хат тапсырған болатын.

Наразылық шараларына қатысушылар постердің көркемдік деңгейін талқылаудан бөлек жыныстық азшылық өкілдеріне қатысты өшпенділікке толы мәлімдемелер жасаған. Мұның соңы Алматыда «Болашақ» қозғалысының парламентке «гейлерді насихаттауға тыйым салу» туралы заң қабылдау ұсынысын жолдауға ұласқан. Жергілікті бірқатар қоғамдық белсенділер бұл оқиға қоғамның бір бөлігінің төзімсіз, гомофобиялық көзқарасын байқатты деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG