Accessibility links

Семейде астан уланғандар саны 56 адамға жеткен


Мектеп асханасы. Алматы, 13 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мектеп асханасы. Алматы, 13 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Семейде мектеп асханасында астан уланғандар саны 56 адамға жетті деп хабарлайды Tengrinews сайты.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының сенбі күні кешке берген ақпараты бойынша, 32 оқушы ауруханада, тағы 22 бала үйден ем алып жатыр. Олардан бөлек мектеп асханасында жұмыс істейтін тағы екі адам ауруханаға түскен.

25 қыркүйек күні Семейдің жұқпалы дертті емдейтін балалар ауруханасына қаладағы 19-мектептің оқушылары түскен. Дәрігерлер «астан уланған» деген диагноз қойған науқастардың барлығы бейсенбі күні мектеп ауруханасында балықтан жасалған тағам жегені анықталған. Қазіргі кезде мектеп асханасы жабылып, онда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін 16 қыркүйек күні Қостанай өңірінде ауыл мектебінде ас ішкен соң өздерін жайсыз сезінген 53 адам (47-сі – балалар) дәрігер көмегіне жүгінген еді. Олардың мектеп асханасында ішкен астан уланғаны анықталған.

Соңғы жылдары Қазақстанда жаппай улану оқиғалары бірнеше рет тіркеліп, ондаған адам зардап шеккені туралы Азаттық бұған дейін жазған. Сарапшылар улануды азайту үшін санэпидемиологиялық тексеру жүйесін жетілдіру керектігін айтады.

XS
SM
MD
LG