Accessibility links

Шымкентте «терроризм» айыбымен сотталғандар үкімі өзгермеді


Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ғимараты

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ғимараты

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Аймания Құлшықова «терроризм» айыбымен 5-9 жыл аралығында сотталған 50 жастағы Сапархан Абдубайтовқа, 27 жастағы Асылжан Абдубайтовқа, 31 жастағы Бекжан Байжарқыновқа және 47 жастағы Марат Бекмырзаевқа қатысты шыққан үкімді 1 қазан күні өзгеріссіз қалдырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

21 шілдеде Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты «террорлық топ құрып, оған жетекшілік жасады және қызметіне қатысты», «террористік немесе экстремистік қызметті қаржылай немесе басқадай қолдады» деген айыппен үшін Асылжан Абдубайтов пен Бекжан Байжарқыновты 9 жылға, Сапархан Абдубайтовты – 8 жылға бас еркіндігінен айрылып, жазаларын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуге кескен болатын. Қылмыстық кодекстің «қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау» бабы бойынша айыпты деп танылған Марат Бекмырзаевқа сот 5 жылдық жаза мерзімін жалпы режимдегі қамау колониясында өтейтіні туралы үкім еткен. Бұл жазамен келіспеген сотталушылардың туыстары мен қорғаушылары облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген еді.

1 қазан күні сотталушылар шағымын қараған облыстық сот судьясы Аймания Құлшықова: «Әл-Фараби аудандық сотының үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырылусыз қалдырылсын» деп қаулы етті.

Сотталушылардың қорғаушылары мен туыстары сот үкімімен мүлдем келіспейтіндерін айтады.

«Сот ағам мен інімнің бұрын сотталмағанын, кішкентай балалары бар екенін ескермеді. Сот үкімімен толықтай келіспеймін» деді сотталушы Сапархан Абдубайтов пен Асылжан Абдубайтовтың ағасы Ертуған Абдубайтов Азаттық тілшісіне.

Сотталушылардың адвокаттары кассациялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG