Accessibility links

Қарағандыда тағы бір шенеунік тұтқындалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Ернар Дәрібеков екі ай мерзімге қамауға алынды. Бұл туралы бүгін Қарағандының Қазыбек би аудандық сотының судьясы Еркеш Мәукен шешім шығарды.

Судья мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісінің сұрауын қанағаттандырып, «егер Дәрібеков бостандықта болса бой тасалауы немесе куәгерлерге қысым көрсетуі мүмкін» деген ұйғарымға келген.

2013 жылдың наурыз айынан Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімінің жетекшісі болып қызмет істеген Ернар Дәрібековтің үстінен Қазақстан қылмыстық кодексінің «қызмет өкілетін теріс мақсатта пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол «жер телімдерін заңсыз берген» деген күдікке қалып отыр.

Бұның алдында коррупциялық қылмысқа қатысты айыппен Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов сот шешімімен екі айға қамалған болатын.

Тамыз айының соңында Қарағанды облысында жұртшылық өкілдерімен кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Әбдішевті «жерге қатысты заңсыз іс-әрекеттері» үшін биыл жазда облыс әкімі қызметтен босатқанын мәлімдеген еді. Назарбаев биыл көктемде бір топ кәсіпкерден хат алғанын, тексеру нәтижесінде Қарағандыда «жерге қатысты заңсыздықтар анықталғанын» айтқан.

XS
SM
MD
LG