Accessibility links

Франция соты Мұхтар Әблязовті кепілге босатпады


Қазақстандық оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.
Қазақстандық оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.

Бүгін Францияның Лион қалалық апелляциялық соты қуғындағы қазақстандық оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті абақтыдан кепілге босатуды сұрап берген оның адвокаттарының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Сот кепілге босатылған жағдайда Әблязовтің Франциядан кетіп қалмайтынына ешқандай дәлел жоқ деген ұйғарым жасап, осындай шешім қабылдаған.

Әблязов былтыр Францияның оңтүстігіндегі Экс-ан-Прованс қаласында ұсталғалы бері қамауда отыр.

2009 жылы ақпанда өзі басқарып келген БТА банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кеткен Әблязовті кейін Қазақстан билігі «банктен 6 миллиард доллар жымқырды» деп айыптады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысы ретінде танылған Мұхтар Әблязов өзінің кінәсіз екенін айтып, тағылған айыптардың саяси астары бар деп есептейді.

Франция мен Қазақстан арасында экстрадиция туралы келісім жоқ. Бірақ ондай келісімдер Ресей мен Франция, сондай-ақ Франция мен Украина арасында бар. Бұған дейін Мәскеу мен Киев Әблязовті өздеріне беруді сұрап Францияға өтініш жолдаған.

Украина мен Ресейдің өтініші бойынша Мұхтар Әблязовті экстрадициялау жөніндегі іс бойынша сот тыңдауы осы айда өтуі тиіс.

XS
SM
MD
LG