Accessibility links

Назарбаев құраманы жеңісімен құттықтады


Инчхондағы Азия ойындарында алтын медаль иеленген Қазақстан боксшылары. (Көрнекі сурет)

Инчхондағы Азия ойындарында алтын медаль иеленген Қазақстан боксшылары. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяда өткен Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсеткен ұлттық құрама спортшыларына құттықтау жолдады деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Назарбаев 45 мемлекет қатысқан айтулы жарыстан қазақстандық спортшылардың көп жүлдемен оралуын Қазақстанның жазғы Азия ойындарына қатысу тарихындағы «ең үздік нәтижесі, жаңа рекорды» деп атаған. «Құраманың табысы Рио-де-Жанейрода өтетін 31-жазғы олимпиада ойындарында жеңіске жетуіне жол ашады» деген ол.

Инчхонда Қазақстан командасы Азия ойындарындағы медаль санынан өз рекордын жаңартып, жиыны 84 медаль (28 алтын, 23 күміс және 33 қола жүлде) иеленді. Құрама жалпы командалық есепте Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі төртінші орынды алды.

Бұған дейін Қазақстан спортшылары Азиададан ең көп жүлде санын 1994 жылы Хиросимадан алып қайтқан болатын. Ол жолы құрама 79 медаль (24 алтын - ред.) алған еді.

XS
SM
MD
LG