Accessibility links

Нобель Бейбітшілік сыйлығы иегерлері жарияланды


Пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсуфзай. (Көрнекі сурет)

Пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсуфзай. (Көрнекі сурет)

Бүгін, 10 қазан күні Ослода биылғы жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегерлерінің аты-жөндері жарияланды.

2014 жылдың бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсуфзай мен үндістандық балалар құқығын қорғаушы белсенді Кайлаш Сатьярти лайық деп танылды.

16 жастағы Малала Юсуфзай Пәкістанда қыздардың білім алуына үндеп, "Талибан" қозғалысының қыздар мектептерін қиратқанына қарсы науқан жүргізген. 2012 жылы "Талибан" қастандығына ұшырап, аман қалған.

60 жастағы Кайлаш Сатьярти – балалар еңбегін қанауға қарсы бүкіләлемдік қозғалысты бастаған құқық қорғаушы. Ол 1980 жылы Үндістанда балалар еңбегін қанаумен күресетін ұйымның негізін қалаған.

Сыйлықты алуы мүмкін деген үміткерлер арасында Эдвард Сноуден, Рим Папасы Франциск те болған. Сноуден 2013 жылы жазда АҚШ арнайы қызметінің америкалықтар мен шетел азаматтарына аңду жүргізетін бағдарламасы бар екенін әшкерелеген. Ал Рим Папасы үй-күйсіз жүргендерге жиі барып, олардың жағдайын жақсартуға және байлықты қайта бөлуге шақырған еді.

Кейбір сарапшылар ресейлік "Новая газета" басылымы да Кремль саясатын сынағаны және шенеуніктердің коррупциялық әрекеттеріне тексеру жүргізгені үшін Нобель сыйлығын алуы мүмкін деп болжаған болатын.

Норвегиялық Нобель сыйлығы комитеті биыл сыйлыққа 278 кандидат ұсынылып, үміткер саны рекордтық көрсеткішке жеткенін айтады. Сыйлық иегеріне 1 миллион 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай жүлде беріледі.

XS
SM
MD
LG