Accessibility links

Пан Ги Мун Кобани тұрғындарын қорғауға шақырды


Сирияның Кобани қаласының көрінісі. 10 қазан 2014 жыл.

Сирияның Кобани қаласының көрінісі. 10 қазан 2014 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун әлемдік қауымдастықты Сирияның Түркиямен шекара аймағында орналасқан Кобани қаласының мыңдаған бейбіт тұрғынын қаланы қоршаған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының жаппай қырып-жоюынан қорғап қалуға шақырды. Ол бұл туралы бүгін Каирде Газа секторын қалпына келтіру жөніндегі мәселелерге арналған конференцияда мәлімдеген.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жексенбі күні күрдтердің өзін өзі қорғау жасақтары радикалдық исламшылардың Кобаниге дендей енуін тоқтатқан. Сол күні АҚШ бастаған коалиция күштері қаладағы «Ислам мемлекеті» содырларының позицияларына әуеден бірнеше соққы берген.

Кобани қаласының негізінен этникалық күрдтер тұратын үштен бір бөлігіне жуығы қазір «Ислам мемлекеті» содырларының бақылауында.

Бүкіл әлем бойынша күрд диаспорасының өкілдері Түркия үкіметінен Кобанидің күрд тұрғындарына жәрдемдесуін талап етіп акциялар өткізді.

Сенбі күні Дюссельдорфте өткен шеруде Германияда тұратын күрдтер ресми Берлиннен Түркия үкіметіне қысым жасап, Сириядан қарусыз күрд босқындарының өтуіне арнайы дәліз ашуға көндіруді талап етті. Шерушілер сонымен бірге Сириядағы күрд жасақтарын қару-жарақпен қамтамасыз етуге шақырды.

XS
SM
MD
LG