Accessibility links

Назарбаев ЕАЭО келісіміне қол қойды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Еуразия экономикалық одағы туралы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды деп хабарлады бүгін Ақорданың баспасөз қызметі. Заңның мәтіні ресми баспасөзде жарияланбақ.

ЕАЭО (Еуразия экономикалық одағы) Ресей, Қазақстан және Беларусь мүше болып отырған Кеден Одағы негізінде құрылған еді. Одақ құру келісіміне үш елдің басшылары биыл 29 мамыр күні Астанада қол қойған. ЕАЭО қызметіне 2015 жылы 1 қаңтар күні кіріседі деп белгіленген.

ЕАЭО келісімін парламент мәжілісі 1 қазанда, сенат 9 қазанда мақұлдаған. Парламент комитеттерінің ақпараты бойынша, ЕАЭО аясында тауар, қызмет көрсету, капитал және жұмысшы күші айналымы еркін жүреді. Одақ мүшелері осы және халықаралық келісімдер бойынша экономика саласында өзара келісілген саясат жүргізеді.

Келісімге сай ЕАЭО-да мынадай органдар – жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес, еуразиялық үкіметаралық кеңес, еуразиялық экономикалық комиссия және ЕАЭО соты жұмыс істейді.

Ресей мемлекеттік думасы Еуразия экономикалық одағы келісімшартын 26 қыркүйек күні ратификациялаған. Келісім жобасын қараған Ресей депутаттары оны «тарихи құжат» деп атаған. Беларусь президенті Александр Лукашенко келісімге 10 қазанда қол қойған.

XS
SM
MD
LG