Accessibility links

Еуразия Одағына қарсылық бәсеңдеді


"Біз Еуразиялық одаққа қарсымыз!" тобының Facebook желісіне жариялаған суреті. (Көрнекі сурет)
"Біз Еуразиялық одаққа қарсымыз!" тобының Facebook желісіне жариялаған суреті. (Көрнекі сурет)

Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциядан саяси сипат көруші қоғамдық белсенділер президент Назарбаев ЕАЭО келісімін біржола бекіткенде көп үн шығармай қалды.

Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) құру туралы шешімді Қазақстан парламенті ратификациялағанға дейін әлеуметтік желілерде белсенді түрде айтылған наразылық пікірлер бұл келісімді қазанның 15-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен соң қайта үдемеді.

«Назарбаев ЕАЭО келісіміне қол қойған күні Қазақстан тәуелсіздігінен айырылды» деп жазған белсенділер сөзінен пессимистік көңіл-күй ғана байқалды.

Биылғы мамырдың 28-інде Ресей, Қазақстан мен Беларусь (қазан айында Армения қосылды – ред.) арасында ЕАЭО туралы келісімге қол қойылар алдында бірнеше рет қазақстандық белсенділер Антиеуразиялық форум өткізіп, билікке наразылығын білдірген.

Солардың бірі Жанболат Мамайдың айтуынша, белсенділерде Қазақстан парламенті ЕАЭО туралы келісімді мақұлдамауы мүмкін деген үміт болған. Ол қазан айының басында парламент мәжілісі мен сенаты ЕАЭО туралы келісімді ешбір талқылаусыз мақұлдаған соң президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құжатты бекітетіні ешкімге жаңалық болған жоқ деп ойлайды.

Жанболат Мамай биыл көктемде өткізілген қарсылық акциялар келісімнің алғашқы нұсқасынан «саяси мәселелерді алып тастауға ықпал етті» деп санайды.

Қоғамдық белсенді Жанболат Мамай (оң жақ шетте) антиеуразиялық экономикалық форумда сөйлеп тұр. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.
Қоғамдық белсенді Жанболат Мамай (оң жақ шетте) антиеуразиялық экономикалық форумда сөйлеп тұр. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

– Антиеуразиялық форум тәуелсіз алаңда қалған қоғамдық күштердің бірлескен қарсылығы деп санаймын. Форум арқылы биліктің әрекетіне толық ықпал еттік деп айта алмаймын, бірақ септігі тиді деуге болады. Еуразия Одағы туралы келісім қабылданарда Қазақстан билігі бұл келісімнен саяси мәселелерді, яғни шекараны бірлесіп қорғау, ортақ валюта, ортақ азаматтық енгізу сияқты тағы да басқа саяси мәслелерді алып тастағанын мәлімдеді, – дейді ол.

Еуразия Одағы туралы келісімге қарсы бірнеше рет акция өткізіп, әкімшілік жазаға тартылған «Антигептил» тобының белсендісі Мақсат Ілиясұлы – ЕАЭО-ға қарсылық акцияларын ұйымдастырғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған қоғамдық белсенді. Ол әрекетінен еш нәтиже шықпағанына налиды.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) ЕАЭО келісіміне қол қойған соң бір-бірін құттықтап тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) ЕАЭО келісіміне қол қойған соң бір-бірін құттықтап тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

– Билік аз ғана қоғамдық белсенділердің пікіріне құлақ аспады, бәрібір өз дегенін жасады. Пікірі ештеңе өзгерте алмайтынына біржола көзі жеткен [азаматтық] қоғам Нұрсұлтан Назарбаевтың шын мәнінде мемлекет тағдыры үшін елеулі оқиға болып саналатын ЕАЭО туралы келісімге қол қойғанына сүлесоқ қарады, – дейді ол.

Қазақстанның Ресей және Беларусьпен Кеден Одағын құратынына, оның әрі қарай Еуразия Одағына ұласатынына байланысты соңғы жылдары өткен қарсылық шараларда оппозициялық партиялардан гөрі, түрлі қоғамдық ұйымдар мен қоғамдық белсенділердің әрекеттері көбірек көзге түскен болатын.

Оппозициялық партия саналатын Жармахан Тұяқбайдың жетекшілігіндегі ЖСДП-ның белсенді өкілдері Еуразия Одағы туралы биліктің ұстанымын жақтап, одақ келісімінен соң кеңес құрған. Ал өздерін парламенттегі оппозициялық партия санайтын Коммунистік халықтық партия мен «Ақжол» партиясы «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған форумда биліктің ұстанымын қолдап шыққан еді.

– Президент Назарбаев ЕАЭО келісіміне қол қойған кезде ғана емес, одан бұрын да оппозициялық партиялардан қарсылық әрекет күту әбестік болар еді. Шын мәнінде Қазақстанда оппозициялық партия қалған жоқ, – дейді Жанболат Мамай.

Қоғамдық белсенді Мақсат Ілиясұлы Ресей зымырандарын Қазақстаннан ұшыруға наразылық танытып тұр. Астана, 13 қаңтар 2014 жыл.
Қоғамдық белсенді Мақсат Ілиясұлы Ресей зымырандарын Қазақстаннан ұшыруға наразылық танытып тұр. Астана, 13 қаңтар 2014 жыл.

Қоғамдық белсенді Мақсат Ілиясұлы ЕАЭО туралы келісімге қарсы шыққан бір топ белсендінің акциялары әлеуметтік желілерде кеңінен мәлім болғанымен, әрі қарай жалғастыратын оппозициялық партиялардың жоқтығын айтады.

– Біз заң шеңберінде жасайтын қарсылық әрекеттің бәрін жасадық, бірақ оның нәтижесі шамалы болды, – дейді ол.

Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер және демонстрациялар туралы заң талаптары қатайғалы Қазақстанда қоғамдық белсенділер мен оппозициялық күштердің қарсылық әрекеттері толастаған. Саяси кеңістіктегі түрлі қысымдардан кейін оппозициялық партиялар жабылып, қалғандарының жұмысы тоқырап, қарсылық әрекеттер жеке адамдардың азаматтық белсенділігіне ғана тән құбылысқа айнала бастады. Оның өзі көбіне әлеуметтік желілерде ғана көрінеді.

Ресми билік өкілдері «тауар мен капиталдың еркін қозғалуына жол ашатын экономикалық құрылым» деп сипаттайтын Еуразия экономикалық одағы туралы келісім 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енеді.

XS
SM
MD
LG