Accessibility links

АҚШ Кобанидегі ИМ күшіне әуеден соққы берді


АҚШ-тың "Ислам мемлекеті" ұйымымен күрес жөніндегі арнайы өкілі, отставкадағы генерал Джон Аллен.

АҚШ-тың "Ислам мемлекеті" ұйымымен күрес жөніндегі арнайы өкілі, отставкадағы генерал Джон Аллен.

АҚШ әскери ұшақтары Сирияда «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қоршауында қалған Кобани қаласын қорғаушылардың жағдайын жеңілдетіп, күш жинап алуы үшін қала маңындағы экстремистер позицияларына әуеден соққы беріп жатыр. Бұл туралы экстремистік ұйыммен күрес мәселелері жөніндегі АҚШ арнайы өкілі, отставкадағы генерал Джон Аллен мәлімдеді.

Генерал мұндайда қалыптасқан барлық жағдайды және қаланы қорғау жағын ескеріп әрекет ету қажеттігін айтты. «Қаланы қорғаушылардың өз күшін басқа жаққа ауыстырып, маневр жасауына мүмкіндік тудыру үшін әуеден қосымша соққы беру керек. Біз сондықтан әуе соққыларын жылдам және қарқынды беру жағын таңдадық» деді ол.

Бұған дейін БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун халықаралық қауымдастықты ИМ тобының қоршауында қалған Кобани қаласында мыңдаған бейбіт тұрғынның жаппай қырғынға ұшырауына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, өткен жексенбіде Кобаниді қорғап тұрған күрд жасақтары экстремистердің қалаға дендей кіруін тоқтатқан. Сол күні АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері Кобанидегі содырлар позицияларына қарсы бірнеше рет әуе соққысын жасаған.

XS
SM
MD
LG