Accessibility links

Алматыда даулы постерге сот шешімі күшінде қалды


Havas Worldwide Kazakhstan агенттігінің Facebook парақшасындағы мәлімдемесі. 25 тамыз 2014 жыл.
Havas Worldwide Kazakhstan агенттігінің Facebook парақшасындағы мәлімдемесі. 25 тамыз 2014 жыл.

Алматы қалалық соты «сүйіскен» классиктерді бейнелеген постер шығарғандардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Бұған дейін Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты даулы постерді шығарған жарнама агенттігін әкімшілік кодекстің «Қазақстанда жарнамалауға тыйым салынған тауарды (жұмыс пен қызмет) өндіру, тарату, орналастыру және қолдану» бабы бойынша айыпты деп таныған болатын.

Апелляциялық алқа Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігі мен бас директоры Дария Хамитжановаға 1700 долларға жуық көлемде айыппұл салу туралы сот шешімін күшінде қалдырды.

Баннерді шығарған жарнама агенттігіне қатысты қазір тағы бір сот процесі өтіп жатыр. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваториядан 34 адамның сотқа берген арызында «әдепсіз» постер композитордың ұрпақтарына ғана емес, сонымен бірге «өнерге бей-жай қарамайтын барша жұрттың» ар-намысына тиетіні айтылған. Арыз иелері моральдық нұқсанның өтемі ретінде жарнама агенттігінен әрқайсысына бір-бір миллион теңгеден (5,5 АҚШ доллары шамасында) өндіртіп беруді сұраған.

Қазақтың дәстүрлі күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы мен орыстың классик ақыны Александр Пушкиннің «сүйісіп тұрған» бейнелері салынған жарнамалық баннер жобасы биыл тамызда әлеуметтік медиа арқылы тараған соң қоғамның бір бөлігінің ерекше наразылығын туғызған.

Жақында Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Құрманғазы мен Пушкиннің суреті бар даулы постер шығарған жарнама агенттігіне қарсы сотқа берілген шағымды қайтарып алуға шақырған мәлімдеме жасаған еді.

XS
SM
MD
LG