Accessibility links

Әблязовты экстрадициялау ісі 24 қазанда қаралады


Қазақстандық оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.
Қазақстандық оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.

Францияның Лион қаласындағы апелляциялық сот 17 қазан күні таңертеңнен түн ортасына дейін Ресей өтінішімен қазақстандық оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты экстрадициялау ісін қарады.

Күні бойы Әблязовтың адвокаттары мен Ресей бас прокуратурасы өкілі сұрақтарға жауап берген. Сот отырысының аяғында Әблязов соңғы сөзін айтқан. Ол "Ресей мені экстрадициялауды Қазақстанға тапсыру үшін сұрап отыр. Қазақстан билігі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққаным үшін менен кек алмақ" деген.

Ресей Әблязовты Франциядан былтыр жазда "БТА Банктен миллиардтаған доллар жымқырған" деген айыппен сұратқан. Әблязов бұл банкті Қазақстаннан қашқанға (2009 жыл) дейін басқарған еді. Әблязов пен оның адвокаттары бұл айыптауларды "ойдан шығарылған" деп бағалайды.

Әблязовты қорғау мақсатында сотта шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Гарри Каспаров, Польшада орналасқан Open dialogue құқық қорғау ұйымының төрайымы Людмила Козловска, ресейлік танымал құқық қорғаушы Лев Пономарев сөйлемек болған. Алайда сот оларға сөйлеуге рұқсат етпеген. Бұл туралы Азаттыққа Мұхтар Әблязовтың адвокаты Марк Фейгин хабарлады.

Әблязовты Ресейге экстрадициялау немесе Францияда қалдыру жөніндегі сот шешімі 24 қазан күні шығуы мүмкін. Әблязовтың адвокаты "сол күні Әблязовты Украинаға экстрадициялау туралы істің де шешімі шығады" дейді.

БТА Банкі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов 2013 жылы Францияда тұтқындалған еді. Оны экстрадициялауды Астана, Мәскеу, Киев қатар сұрап отыр. Қазақстан билігі оны "банк басқарған кезінде 6 миллиард доллар жымқырды" деп айыптайды. Украина мен Ресей де бұрынғы банкирдің үстінен "қаржылық алаяқтық" жасады деген шағым түсірген. Аблязов "бұл айыптардың саяси астары бар" деп санайды.

XS
SM
MD
LG