Accessibility links

Келімбетов: Теңге бағамына қауіп жоқ


Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін Ресей рублі бағамының түсуі мен мұнай бағасының арзандауы теңге бағамына "аса қатты әсер етпейді" деген пікір білдірді. Астанада өткен брифингте Келімбетов Ұлттық банк белгілеген теңгенің 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамын 170-188 теңге аралығындағы құбылу бағамы барлық қауіп-қатерлерді ескере отырып қойылғанын айтады.

Келімбетовтің сөзінше, соңғы уақыттарда қазақстандықтар "сыбыс пен алып-қашпа сөздерге бой ұрып", кейбір экономистер девольвацияны болжауды "өз міндеттері деп санай бастаған". Ұлттық банк басшысы қоғамда "қолдан девольвациялық көңіл-күй қалыптастыру" жүріп жатыр деп, осыған байланысты журналистерге "тұрғындарға теріс ақпарат таратпауға" кеңес берді.

Өтен аптада Halyk Finance брокерлік компаниясының сарапшылары жылдың соңына қарай теңгенің долларға шаққандағы бағамы 210 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген болжам жасаған. Сарапшылар валюта нарығында девольвация қарсаңындағы көңіл-күй қалыптаса бастады деген. Кейін бұл болжамдар туралы материал компанияның вебсайтынан алынып тасталды.

20 қазанда Қазақстан қор биржасында теңге/доллар валюта жұбымен бір күнде жасалған сауда көлемі 1 миллиард 300 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл - соңғы екі айда болған ең жоғарғы көрсеткіш. Бүгін биржадағы таңғы сауда көлемі 671 миллион АҚШ долларын құраған.

11 ақпанда Қазақстан ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы жаңа бағамын 185 теңге шегінде белгілеген еді. Банк теңгені құнсыздандыру "әлемдік қаржы нарығы мен тауар нарығындағы күрделі жағдайдан", Ресей рублінің құнының түсуінен туындады деп түсіндірген.

Девальвация болғалы бері теңгенің долларға шаққандағы бағамы 182-183 теңге шамасында тұрақтады.

XS
SM
MD
LG