Accessibility links

Байқоңырдан кезекті "Протон-М" ұшырылды


Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығышының ұшырылуы. (Көрнекі сурет)
Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығышының ұшырылуы. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағынан 21 қазан күні Астана уақытымен сағат 21.09 кезінде ұшырылған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы жоспарлы уақытында орбитаға «Экспресс-АМ6» спутнигін шығарды деп хабарлайды Роскосмос агенттігі.

«Экспресс-АМ6» спутнигі 22 қазанда Астана уақыты бойынша таңғы сағат 6.30-да «Бриз-М» үдеткіш блогынан ажыраған.

Бұл биыл 16 мамыр күні болған апаттан кейінгі екінші ұшырылым. Мамыр айында ресейлік «Экспресс-АМ4Р» байланыс спутнигін жер орбитасына жеткізбек болған «Протон-М» зымыран тасығышында ақау пайда болып, атмосферада жанып кеткені хабарланған.

Былтыр шілденің 2-сінде ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере жарылып, Қызылорда облысының аумағына құлаған еді. Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болған. Сол апаттан соң қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап етіп қарсылық акцияларын өткізген еді.

XS
SM
MD
LG