Accessibility links

Қазақстанда Эболаға қарсы шаралар жүріп жатыр


Эбола вирусының микроскоппен қарағандағы көрінісі. Көрнекі сурет.
Эбола вирусының микроскоппен қарағандағы көрінісі. Көрнекі сурет.

Астана, Алматы, Атыраудағы ауруханаларда Эбола дертіне байланысты арнайы жабдықталған палаталар дайындалды. Бұл туралы Азаттық радиосына денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Эболаға қатысты әуежайлардағы тексерістерден бөлек Астана, Алматы, Атыраудағы жұқпалы аурулар ауруханаларында арнайы бөлмелер жабдықталған. Егер Эбола вирусы Қазақстан аймағында тіркелген жағдайда осы ауруханалардың мамандары карантиндік жүйеде жұмыстарын күшейтеді. Мамандарға қажетті қорғаныс киімдері де жеткілікті»,- дейді атын атамауды өтінген министрлік маманы.

Министрлік өкілі нақты қанша орын және қанша маман дайындалғаны туралы ақпарат бермеді.

Ал тұтынушылар құқығын қорғау комитеті Астана, Атырау, Петропавл, Шымкенттегі әуежай мен теміржол вокзалдарында Эболаға қарсы оқу жаттығу жиынын өткізген.

Комитет «Қазір мамандар Араб түбегіндегі елдерден, Стамбул, Дели, Каир, Бангкок, Куала-Лумпур, Тегеран, Ереван, Ташкент, Бакудан келетін рейстерді арнайы тексеріп жатыр. Халықаралық қону залдарында әр келушімен контактысыз термометрия және жолаушылармен сауалнама жүргізіледі. Дене қызуының жоғарылауы және инфекциялық аурудың басқа белгілері бар адамдар анықталған жоқ» деп мәлімдеді.

Комитеттің мәлімдеуінше, СЭС зертханаларында құрылғылар Эбола дертіне зерттеу жүргізуге толық дайындалған. Диагностикалық жұмыстарға қосымша реагенттер де қарастырылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазір әлемде тоғыз мың адам Эбола дертіне шалдыққан. Бұл індеттен 4500 адам қайтыс болды. Қаза тапқандардың дені негізінен Сьерра Леоне, Либерия, Гвинея елдерінің азаматтары.

XS
SM
MD
LG