Accessibility links

Байқоңырда қаза тапқан мамандарды еске алды


Байқоңыр ғарыш айлағындағы "Союз ТМА-11М" зымыран тасығышы. Қараша, 2013 жыл. (Көрнекі сурет).

Байқоңыр ғарыш айлағындағы "Союз ТМА-11М" зымыран тасығышы. Қараша, 2013 жыл. (Көрнекі сурет).

Байқоңырда бүгін, қазанның 24-і 1960 және 1963 жылдары дәл осы күні болған апат салдарынан қаза тапқан сынақшы мамандарды еске алды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1960 жылы 24 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағының 41-аумағында (бұрынғы СССР қорғаныс министрлігінің №5 полигоны) зымыран ұшыру тарихындағы ең ірі апат болған. Р-16 зымыраны алғаш рет ұшуға жарты сағат қалғанда екінші басқыштың қозғалтқышы іске қосылып кетіп, одан шыққан газ бірінші басқыштың отын багына тиіп, айналасы жүз метрге дейінгі аумақ жанып кеткен. Сол уақытта зымыранның маңында ондаған адам тұрған. Өрттен 74 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланған.

Бұдан тура үш жыл өткенде, 1963 жылы 24 қазанда ғарыш айлағының №70-аумағында Р-9 зымыраны ұшуға орнатылатын шахтада өрт болып, сегіз сынақшы қаза болған. Осы екі апаттан соң қазанның 24-і Байқоңырда апатта қаза тапқандарды еске алу күні деп белгіленді.

Бұл күні ғарыш айлағында барлық жұмыс тоқтатылып, зымыран ұшырылмайды.

Қаралы жиынға бүгін қала тұрғындары, қалалық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері, оқушылар мен студенттер жиналған. Жиында "Роскосмос" ұйымының Байқоңырдағы басқармасының бастығы Анатолий Белоконь сөз сөйлеген. Жиналғандар апатта қаза тапқан сынақшылар жерленген зиратқа тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Бүгін апат болған ғарыш айлағының 41, 43 алаңдарында қаралы митингтер өтіп, ас беріледі.

XS
SM
MD
LG