Accessibility links

Славян ұйымдары: Meduza сөзімізді бұрмалады


Meduza.io логотипі.
Meduza.io логотипі.

Шығыс Қазақстан облысындағы славян ұйымдары Meduza.io сайтында шыққан мақалаға орай ашық хат жариялап, "сөздерінің бұрмаланғанын" мәлімдеді.

Өскемендегі бірнеше ұйымның атынан жазылған хатта авторлар материалды жазған журналист Илья Азаровты "өздерінен шовинист жасамақ болғанын" айтып айыптайды. Олардың сөзінше, мақалада айтылғандай "Қазақстанда орыс этникалық топтарының құқықтары шектеліп отырған жоқ".

Жақында ресейлік Лента.ру жобасы саналатын Meduza сайтында «Өскемен халық республикасы. Қазақстандағы орыстар «сыпайы адамдарды» күте ме?» деген мақала жарияланып, ол қоғам арасында теріс реакция туғызған еді. Оны әлеуметтік желіде "ұлтараздық жанжал қоздыру үшін жазылған арандату бағытындағы материал" деп атаған.

"...Қазақстанда жер, тіл мен билікті тең бөлмеді деп сендірмей-ақ қойыңыздар. Бізде барлығымыздың құқықтарымыз тең. Мемлекеттің экономикасы да соңғы орындарда емес. Ең бастысы – біз ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатырмыз, егер бізде проблемалар туындаса, ол ішкі мәселелеріміз және оны сіздердің кеңестеріңізсіз-ақ өзіміз шешеміз" делінген хатта.

Ашық хат иелері "бұған қоса соңғы уақытта аймақта осы сияқты арандатуды көздейтін ақпарат құралдары көбейіп кеткенін, мұндағы жағдайды ушықтыруға тырысып жатқанын" да айтқан.

Хат авторларының бірі, «Русская община Казахстана» ұйымының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің жетекшісі Олег Масленников Азаттыққа бұл хатқа бірнеше ұйым жетекшілері қол қойғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мақала авторы Илья Азаров өзін Ленту.ру тілшісі ретінде таныстырып, материалдың қайда жарияланатынын айтпаған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG