Accessibility links

Қызылордада даулы үйді бұзуға дайындап жатыр


Бүгін Қызылорда қаласының шетіндегі "мемлекет мұқтаждығына қажет" деп танылған үйді сүруге дайындалып жатыр.

Сот қала шетіндегі бұрынғы "Дачный" деп аталатын аймақта орналасқан зейнеткер Үмітгүл Әлмағамбетованың үйін "Батыс Еуропа - Батыс Қытай күрежолы салынатын аумақта орналасқандықтан мемлекетке қайтарылуы тиіс" деген шешім шығарған.

Үмітгүл Әлмағамбетованың адвокаты Мұхамедқали Мадияров Азаттық тілшісіне оның үйін сүру заңсыз екенін айтады.

"Зейнеткер Үмітгүл Әлмағамбетованың үйінің, жерінің құжаттары түгел, заңды. Бұған дейін Қызылорда қалалық әкімдігі Әлмағамбетованың үйі орналасқан жер телімін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолын салуға қажет» деп, жерді мемлекетке қайтаруды сұрап қалалық сотқа шағымданған. Сот жерді мемлекет қажетіне алып, әкімдікті Әлмағамбетоваға үйдің өтемақысына 8 миллион теңге төлеп беруге шешім шығараған. Бірақ департамент қалалық соттың сол шешіміне қарсы облыстық сотқа қарсы шағым береді. Облыстық сот «Әлмағамбетова әуелде ол жерге үй салынбауы тиіс екенін білген» деп, қалалық соттың шешімінің Әлмағамбетованың жері мемлекетке қайтарылсын деген талабын қалдырып, 8 миллион теңге өтемақы төлеу туралы талабының күшін жояды. Облыстық сот шешіміне апелляциялық, кассациялық шағымдар бергенімізбен, қанағаттандырылмады" дейді адвокат Мұхамедқали Мадияров.

Заңгердің сөзінше, Әлмағамбетованың жері жекеменшік, тұрғын үй салуға арналған және оған кезінде үй салмау туралы ешқандай ескерту болмаған.

"Сот шешімінде үй сүрілсін деген талап қана болғанымен, ондағы тоғыз адам басқа жаққа көшірілсін деген сөз жоқ. Яғни сот орындаушылары адам тұрып жатқан үйді бұза алмайды" дейді адвокат.

Сот орындаушылары бүгін түстен кейін үйді бұзбақ болғанымен, олар ертіп келген трактор жүргізушісі үйді бұзудан бас тартып, кетіп қалды. Қазір Әлмағамбетовағаны үйінің маңында прокуратура өкілдері, сот орындаушылары, өрт сөндіру және жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жүр.

Прокуратура өкілі сот шешімінің заңды екенін, тек үй иелеріне "оның дұрыстап түсіндірілмегенін" айтады.

XS
SM
MD
LG