Accessibility links

АІ Әблязовтың тағдырына алаңдайды


Мұхтар Әблязовты сотқа әкеле жатыр. Лион, 17 қазан 2014 жыл.

Мұхтар Әблязовты сотқа әкеле жатыр. Лион, 17 қазан 2014 жыл.

Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымы Франция соты Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берген қазақстандық экс-банкир Мұхтар Әблязовтің тағдырына алаңдаушылық білдірді. AI ол экстрадицияланған жағдайда мәжбүрлі түрде Қазақстанға қайтарылуы мүмкін екенін ескертеді.

«Егер Мұхтар Әблязов эктрадицияланатын болса, оның құқығы бұзылады. Ресей сотында Әблязовтың ісі әділетті қаралары күмәнді, және Ресей оны Қазақстанға беріп жіберуі әбден мүмкін, ол жақта Әблязов азаптауға ұшырайды» деген AI ұйымының терроризм және адам құқықтары жөніндегі сарапшысы Джулия Холл.

Ол әдетте Ресей арнайы қызметі Қазақстан қауіпсіздік органдарымен әріптестік байланыста екенін айтып, «француз билігі Әблязовты ары қарай Қазақстанға тапсыруы мүмкін деген ешбір елге экстрадицияламауы тиіс» деп мәлімдеген.

Францияның Лион қаласының соты 24 қазан күні қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берген. Туыстарының айтуынша, бұл шешімге байланысты кассациялық сотқа шағым жасауға үш ай мұрсат берілген, бұл уақытта Мұхтар Әблязов Лионда қамақта болады.

2013 жылы Францияда тұтқындалған БТА Банкі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовты Қазақстан, Ресей мен Украина қатар сұраған. Қазақстан билігі оны «банк басқарған кезінде 6 миллиард доллар жымқырды» деп айыптайды. Украина мен Ресей де бұрынғы банкирдің үстінен «қаржылық алаяқтық» жасады деген шағым түсірген.

Ал Әблязов Қазақстанда өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін саяси астары бар себептермен қудалап отыр деп есептейді.

XS
SM
MD
LG