Accessibility links

Украинада сайлауға дауыс беру басталды


Киевтегі сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. Украина, 26 қазан 2014 жыл.

Киевтегі сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. Украина, 26 қазан 2014 жыл.

Украинада жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 08-ден бастап ел парламенті – Жоғарғы Раданың кезектен тыс сайлауына дауыс беру басталды.

Украина заңы бойынша, бір палаталы Жоғарғы Рададағы 450 орынның жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы – мажоритарлық (бір мандаттық) жүйе бойынша сайланады. Бірақ ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Донецк мен Луганск облыстарындағы кейбір аудандарда, сондай-ақ наурызда Ресей өзіне қосып алған Қырым түбегінде дауыс беру өткізілмейді.

Украина Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, биылғы парламент сайлауына алты мыңнан аса кандидат тіркелген. Сайлауға елдегі 29 партия түсіп жатыр.

Сайлау барысын алты жүзден аса шетелдік бақылаушылар қадағалайтын болады, олардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясынан өкілдер бар. Украинадағы сайлауға Қазақстаннан төрт бақылаушы қатысады.

Бұл Украинада ақпан айында Виктор Янукович президент қызметінен кетірілгелі бері алғаш рет өткізіліп отырған парламент сайлауы.

Шілде айында парламенттегі «Еуропалық таңдау» коалициясынан «Свобода» және «УДАР» фракциялары шыққан соң, тамыз айының соңына қарай президент Петр Порошенко Жоғарғы Раданы таратып, 26 қазанда елде кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған еді.

XS
SM
MD
LG