Accessibility links

Украина жікшілдер «сайлауына» қатысты іс қозғады


Украина қауіпсіздік қызметі елдің шығысында – ресейшіл сепаратистер бақылауындағы жекелеген аудандарда «сайлау» өткізуге байланысты қылмыстық іс қозғады. Қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, қылмыстық іс «конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге немесе билікті басып алуға бағытталған іс-әрекеттер» жайлы бап бойынша қозғалған.

Бүгін ресейшіл сепаратистер Украинаның шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарындағы өздері бақылайтын аймақтарда «халықтық билік» басшылары мен парламент «сайлауын» өткізіп жатыр.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Шығыс Украинадағы «сайлауды» Мәскеу «заңды» деп танитыны туралы мәлімдеген. АҚШ пен Еуропа Одағы Ресейдің бұндай ұстанымы және Донецк мен Луганск облыстарындағы «сайлаулар» атысты тоқтату туралы қыркүйек айында Минскіде жасалған бітімге қайшы деп біледі. Киев билігі елдің шығысындағы бүгінгі «сайлауды» аймақтағы «барлық бейбітшілік процесіне» қатер төндіретін іс деп санайды.

Биыл қыркүйекте Украина Жоғарғы Радасы Донбаста өзін өзі басқарудың ерекше режимін үш жыл мерзімге енгізу туралы заң қабылдаған еді. Ол заң бойынша, аймақта 7 желтоқсан күні кезектен тыс сайлау өткізу қарастырылған болатын. Бірақ, өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасы» өздері бақылайтын аймақтарда «Киевтің заңы жүрмейтінін» айтып, 2 қараша күні «сайлау» өткізетіндерін мәлімдеген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG