Accessibility links

Донецк: «Сайлауда» Захарченко озғаны айтылды


Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" "премьер-министрі Александр Захарченко. 2 қараша 2014 жыл.

Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" "премьер-министрі Александр Захарченко. 2 қараша 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы сепаратистер жетекшілерінің бірі Александр Захарченко өзін-өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» (ДХР) басшысын «сайлауда» алда тұр. Бұл туралы ДХР «орталық сайлау комиссиясы» басшысы Роман Лягин мәлімдеген. Оның сөзінше, «сайлау» өткен күні жүргізілген «экзит-полл» нәтижелері қазіргі «премьер-министр» Захарченконың «81 пайыздан көп дауыс жиғанын көрсеткен».

ДХР парламенті «сайлауына» түскен қозғалыстар арасында «Донецк республикасы» қоғамдық ұйымы «65 пайыздан көп» дауыс алғаны хабарланды. Екінші орында 34 пайыздан аса дауыс жинаған «Еркін Донбасс» ұйымы тұр.

Ресейдің «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, Лягин «дауыс беру» барысына әсер ететіндей «заң бұзушылық пен оқыс оқиғалар» болмағанын айтқан.

Сепаратистер жариялаған «Луганск халық республикасы» (ЛХР) басшысын «сайлауда» да қазіргі «премьер-министрі» Игорь Плотницкий бірінші тұр. ЛХР «орталық сайлау комиссиясы» басшысы Сергей Козьяковтың хабарлауынша, Плотницкий «63 пайыздан аса» дауыс жинаған.

УНИАН агенттігі сепаратистер бақылауындағы Луганск облысында жергілікті тұрғынның «Бізді дауыс беруге мәжбүрледі. Себебі, бізге дауыс бермесек ешқандай зейнетақы, әлеуметтік көмек берілмейтінін ескертті» деген сөзін келтіреді.

Сепаратистердің «сайлауына» Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардан бақылаушылар қатысқан жоқ. Сепаратистердің өздері Украина билігі, БҰҰ, Еуропа Одағы, АҚШ және басқа да батыс елдері заңсыз деп таныған «сайлауларға» бірқатар елдерден бақылаушылар қатысқанын айтады. Олардың арасында Грузияның өзін-өзі тәуелсіз деп жариялаған Абхазия аймағының өкілдері де бар.

XS
SM
MD
LG