Accessibility links

«Қазақмыс» шахтасындағы апаттан бір адам мерт болды


Жезқазған қаласы. «Қазақмыс» компаниясының офисі. Қарашаның 27-сі. 2013 жыл.
Жезқазған қаласы. «Қазақмыс» компаниясының офисі. Қарашаның 27-сі. 2013 жыл.

«Қазақмыс» корпорациясының Сәтбаевтағы Оңтүстік-Жезқазған кенішінің 65-шахтасында болған жарылыстан бір адам қаза тауып, бір жұмысшы жараланған.

Жарылыс 4-қараша күні таңда кеніште 140 метр тереңдікте болған. Бұл ақпаратты Азаттыққа корпорацияның баспасөз қызметі растады.

Баспасөз қызметінің айтуынша, жарылыс тау-кен жұмыстарын атқару кезінде болған. Корпорация оқиға орнында арнайы тексеру комиссиясы жұмыс істеп жатқанын, жарылыстың неден болғаны туралы ақпаратты тексерістен кейін толық жариялайтынын мәлімдеді. Корпорация қаза тапқан жұмысшының есімін жариялаудан бас тартты.

«Қазақмыс» корпорациясы кеніштерінде адам қазасына әкелген оқыс оқиғалар бұған дейін де бірнеше рет болған.

Биыл мамырда Шығыс Қазақстан облысы Глубокой кентінде Юбилейный-Снегирихинский шахтасында тау-жыныстары құлап, үш жұмысшыны басып қалған. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алған.

Наурыздың 9-ы күні компанияның Шығыс-Жезқазған кенішінде электрик тоққа түсіп, қаза тапқан.

2013 жылы 28 қыркүйекте Оңтүстік-Жезқазған кенішінде 47 жастағы көлік жүргізушінің басына тас құлап, көз жұмды. Сол жылы маусымда «Степной» кенішінде кен қазушы машина аударылып, жүргізуші қаза тапқан.

2012 жылы мамырда дәл осы Оңтүстік-Жезқазған кенішінің 65-шахтасында көмір тиеген көлік аударылып, салдарынан бір кісі мерт болып, екі адам жарақат алған еді.

2011 жылы наурызда Солтүстік-Жезқазған кенішінде 52 жастағы кенші ауыр жарақаттан көз жұмды.

2010 жылы сәуірде корпорацияның Оңтүстік-Жезқазған кенішіндегі 45-шахтасында бір жұмысшы жарақат алып, кейін қайтыс болғаны хабарланды.

Сол жылы «Степной» 67 кенішінде 33 жастағы машинист жарақат алып, қаза болған еді.

XS
SM
MD
LG