Accessibility links

Царнаевтың әпкесі айыбын мойындады


Айлина Царнаева сотқа келе жатыр. Нью-Йорк, 30 қыркүйек 2014 жыл.

Айлина Царнаева сотқа келе жатыр. Нью-Йорк, 30 қыркүйек 2014 жыл.

Бостондағы 2013 жылы марафон кезінде болған жарылысты ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаевтың әпкесі Айлина Царнаева Массачусетс штатындағы жалған ақша жасау ісін тексеруге кедергі келтіргенін мойындады. Бостон прокуратурасы келісімі бойынша, Царнаева 30 күндік сынақ мерзімінің шартын бұзбаса, түрмеге қамалмайды. Оның шартын бұзса, екі жарым жылға дейін сотталады.

Нью-Йорк штатында Айлина Царнаеваға қарсы тағы бір іс қозғалған. Соттың айыптауынша, "ол күйеуінің бұрынғы құрбы қызына "сені жарып жіберетін адамдарды білемін" деп доқ көрсеткен".

Айлина Царнаеваның бауыры Джохар Царнаев қазір Бостон түрмесінде отыр. Ол ағасы Тамерлан Царнаев екеуі 2013 жылы 15 сәуір күні Бостонда марафон кезінде болған екі жарылыстан 3 адам қаза тауып, 260-тан аса адам жараланған соң күдікке ілінген.

Жарылыстан соң Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде қаза тапқан. Ал полиция тұтқынға алған Джохар Царнаевқа АҚШ-та 30 баптан тұратын айыптар тағылған, соның 17-сі бойынша жазаның ең ауыр түрі ретінде – өлім жазасын тағайындау қарастырылған. Джохар Царнаев өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамай отыр. АҚШ бас прокуроры Эрик Холдер Джохар Царнаевты өлім жазасына кескенді жөн санайды. Царнаевтың соты 2013 жылы 5 қаңтар күні басталуы тиіс.

Бостон жарылыстарына қатысты істе Джохар Царнаевпен дос болған Қазақстанның екі азаматы – бұрынғы студенттер Дияс Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа да «террорлық жарылыстарды тергеу ісіне кедергі жасамақ» болған деген айыптар тағылған. Жарылысқа қатысты "айғақ заттарды жойып, терактілерді тексеруге кедергі келтірді" деп айыпталған ол екеуіне де сот үкімі әлі шыққан жоқ.

XS
SM
MD
LG