Accessibility links

АҚШ: терроризмге айыпталған ресейлік кінәсі жоғын айтты


Хаккани террорлық тобының мүшелері деген күдікпен Ауғанстандағы Хост провинциясында ұсталғандар. 5 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Хаккани террорлық тобының мүшелері деген күдікпен Ауғанстандағы Хост провинциясында ұсталғандар. 5 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстанда ұсталып, АҚШ-қа жеткізілген Ресей азаматы Ирек Ильгиз Хамидуллин өзіне тағылған терроризмге қатысты айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

Вирджиния штатында өткен сот тыңдауында оның ісі бойынша түпкілікті шешім шығаруды 2015 жылғы сәуірге белгілеу туралы қаулы қабылданды.

Хамидуллинге 12 баптан тұратын айып тағылған. Олардың арасында америкалық әскери тікұшақты жоймақ болған және АҚШ азаматын өлтіруге әрекет жасаған деген айыптар бар. Сот кезінде Хамидуллин өзінің кінәсі жоқ екендігін айтып, «шындықты айтуға ниеттіңіз бар ма?» деген судьяның сауалына «тек шындықты айтамын» деп жауап берген.

55 жастағы Ирек Ильгиз Хамидуллинді 2009 жылы қарашада Ауғанстандағы Хост провинциясында АҚШ сарбаздары мен ауған шекарашыларына жасалған шабуыл кезінде АҚШ әскері қолға түсірген. Хамидуллинге осы операцияға басшылық жасаған және өзі қатысқан деген айып тағылып отыр.

АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) Хамидуллин 1980 жылдардың басында совет армиясының танк бөлімінде офицер болған, ал 2001 жылы Талибанға қосылып, кейін 2009 жылы Сираджудин Хакканидің террорлық тобы қатарына өткен деп санайды.

АҚШ-қа Ауғанстаннан жеткізілген Хамидуллинді дүйсенбі күні ФБР тергеушілеріне тапсырған болатын.

XS
SM
MD
LG