Accessibility links

Алматы маңында бензин тапшылығы жайлы флеш-моб өтті


Сенбі күні Алматы қаласының іргесіндегі Абат ауылында жанар-жағармай тапшылығын арқау еткен флеш-моб өтті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Оған қатысқан бес адам қос есек жегілген арбаға «Жигули» маркалы жеңіл көлікті тіркеп, ауыл шетіндегі жағармай құю бекетіне дейін сүйреп апарған. Шараға қатысқандардың қолында қазақ және орыс тілдерінде «Бензиннің жоғы – халықтың соры», «Бензин қымбаттады, тіпті жоққа тән, осы сәтті пайдалан – атқа мін» деген сөздер жазылған плакаттар болды.

«Біз осы флеш-моб арқылы мұнайлы елде жанармайдың тапшылығына наразылығымызды білдіремз. Қазір бензин тапшылығы қалада көп сезіле бермейді, ал қала сыртындағы ауылдық жерлерде оны таба алмайсыз» дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Тазабек Сәмбетбай.

Қазақстанда биыл жаздан бері жанармай тапшылығы сезіліп отыр. Жанармай құю станцияларында АИ-92 маркалы бензин көбінесе шектеумен сатылып жүр. Сарапшылар жанармай тапшылығын Ресейден бензин тасымалының ара-тұра іркіліп қалуынан және Ресейдегі бензин бағасының Қазақстандағыдан қымбаттығымен байланыстырады.

Статистика бойынша, Қазақстан жылына 2,8 миллион тонна бензин тұтынады. Ал қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары бұл қажеттіліктің тек 1,8 миллион тоннасын ғана өтейді.

XS
SM
MD
LG