Accessibility links

Путиннен «Мемориал» ұйымын жапқызбауды сұрады


Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элла Памфилова (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 3 маусым 2014 жыл.

Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элла Памфилова (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 3 маусым 2014 жыл.

Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элла Памфилова ел президенті Владимир Путиннен «Мемориал» қоғамдық ұйымын жапқызбауды сұрады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сайтында жарияланған үндеуінде Памфилова «Мемориал» ұйымын жабуды сұраған Ресей әділет министрлігінің талап арызын соттан қайтарып алуды және үкіметтік емес ұйымға құжаттарын заң талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік беруді ұсынған.

Памфилова қараша айының 20-23 күндері аралығында өткелі отырған «Мемориал» ұйымының конференциясында жарғыға тиісті өзгертулер енгізу арқылы министрліктің үкіметтік емес ұйымға қойған талаптарын орындауға мүмкіндік барын айтады. Памфилованың пікірінше, министрлік қоғамдық ұйымның жарғысындағы кейбір тұжырымдарға қатысты формальды негізге сүйеніп отыр.

«Мемориал» үкіметтік емес ұйымын жабуды сұраған Ресей әділет министрлігінің талап арызы қазір жоғарғы соттың қарауында жатыр. Сот отырысы 13 қарашаға белгіленген.

Өз үндеуінде Элла Памфилова «Мемориал» ұйымының Ресейде азаматтық қоғамды дамыту ісіне үлкен үлес қосқанына президенттің назарын аударған. 1980 жылдардың соңында Нобель сыйлығының иегері Андрей Сахаров бастаған совет диссиденттері құрған «Мемориал» тарихи-ағарту және құқыққорғау ұйымы содан бері Ресейде адам құқықтарын қорғаумен айналысып келеді.

XS
SM
MD
LG