Accessibility links

Каталониядағы бейресми дауыс беру нәтижесі шықты


Мадридтің қарсы болуына қарамастан, қарашаның 9-ы күні Каталонияда өткен бейресми дауыс беруге қатысқандардың көпшілігі аймақтың Испаниядан бөлініп, тәуелсіздік алуын жақтаған.

Алдын-ала мәліметтер бойынша, дауыс беруге қатысқан екі миллионға жуық адамның 1,6 миллионға жуығы Каталонияның тәуелсіз болғанын қалайтынын білдірген. Каталонияда 5,4 миллион адам дауыс беру құқығына ие.

Сайлаушылар белсенділігінің төмен болғанына қарамастан, аймақ басшысы Артур Мас «дауыс беру сәтті өтті» деп мәлімдеді.

Қыркүйектің соңында премьер-министр Мариано Рахойдың сұрауынан кейін Испания конституциялық соты референдум өткізу туралы декреттің орындалуын бес айға тоқтатқан.

Каталония тәуелсіздігі жолындағы ұзақ жылғы қозғалыс соңғы жылдары елде экономикалық рецессия тереңдей түскенде қайта күшейген еді. Испанияның жалпы ұлттық ішкі өнімінің 20 пайызға жуығы Каталонияның үлесіне тиесілі. Аймақтағы жеті жарым миллион халық өз тілінде сөйлеп, мәдени және тарихи салт-дәстүрін ұстанады.

XS
SM
MD
LG