Accessibility links

ОҚО фермерлері «Азиялық газ құбыры» компаниясына талап қойды


Газ құбырын тарту жұмыстары. (Көрнекі сурет)

Газ құбырын тарту жұмыстары. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан-Қытай газ құбырын салып жатқан «Азиялық газ құбыры» компаниясының өкілі Шынар Буашова бүгін Азаттыққа сейсенбі күні Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылында жиналып, компанияға наразылық білдірген фермерлердің талабына қатысты түсініктеме берді.

«2015 жылдың наурызына дейін жасалған келісім бойынша өтемақылар төленіп жатыр. Рекультивация жұмыстарын мердігер «Казстройсервис» компаниясы келісім мерзімі аяқталғанша, келер жылдың наурызына дейін жасап бітіреді» деді ол.

Қарашаның 11-і күні Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылында жиналған тоғыз шаруа қожалығының басшылары өздері пайдаланатын жер аумағы арқылы өтетін Қазақстан-Қытай газ құбырын салған «Азиялық газ құбыры» компаниясының үстінен шағым айтқан.

Фермерлер компанияны «газ құбырын жоспарланғаннан артық жерге орналастырып, қолайсыздықтар үшін беруі тиіс өтемақыны толық және уақытында төлемей отыр, ауыл шаруашылығы шығындарын өтеген жоқ, рекультивация жұмыстарын жүргізбей, жер иелерінің мүлік және мүліктік емес құқықтарын бұзды» деп кінәлайды.

Наразы шаруалар Қазақстан премьер-министріне, бас прокуратура мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарына жолдаған хатта даулы мәселеге байланысты тәуелсіз комиссия құруды, құрылыс жұмыстары кезінде бұзылған жер телімдерін анықтап, қалпына келтіруді және өтемақыларды төлеуді талап еткен.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG