Accessibility links

«Кран-қарсылық» иесі босатылғанын хабарлады


Астанада кранға шығып, наразылық білдірген Бағжан Аязбекова.
Астанада кранға шығып, наразылық білдірген Бағжан Аязбекова.

Астанада 8 қараша күні кранға шығып, наразылық білдіргені үшін әкімшілік қамауға алынған Бағжан Аязбекова өзі мен ұлы Асхат Біржановтың босатылғанын хабарлады. Оның сөзінше, екеуін босату туралы шешімді Астананың ауданаралық әкімшілік сотының апелляциялық алқасы бүгін шығарған.

Бағжан Аязбекова Азаттық тілшісіне "Абақтыға түскен күннен бастап ұлымды жазықсыз әкімшілік қамауға алғанын айтып, оны босатқанша аштық жариялайтынымды мәлімдеп, тамақ ішуден бас тарттым. Абақты қызметкерлері, дәрігерлер күнделікті келіп, жағдайымды қарап тұрды. Кеше маған апелляциялық шағым жазғызып, бүгін босатты. Қазір үйге, Көкшетауға бара жатырмын" деді.

Бұл азаматтардың босатылғаны жайлы Астана абақтысынан, әкімшілік соттан түсініктеме алу мүмкін болмады.

Бағжан Аязбекова 8 қараша күні құрылыс кранына шығуына «Цеснабанкпен» арадағы несие дауында әділдік таба алмай келе жатқаны себеп болғанын» айтқан. Сот оны мен ұлына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 355-бабымен («билік органы өкілінің заңды өкіміне қасақана бағынбау») іс қозғап, сотқа берген. Сот Асхат Біржановты 15 тәулікке, Бағжан Аязбекованы 10 тәулікке абақтыға жабуға шешім шығарғаны хабарланған.

Көкшетау қаласының тұрғыны Бағжан Аязбекова бұған дейін де кран басында наразылық шарасын өткізген еді. Ол 2013 жылы жазда құрылыс краны басында жеті күн отырып, қылмыс жасаған деген айыппен жеті жылға сотталған ұлы Азамат Аязбековті ақтауды талап еткен. Бірақ Қазақстан жоғарғы сотының қылмыстық істердің қадағалау алқасы оның ұлына шығарылған сот үкімін күшінде қалдырған.

XS
SM
MD
LG