Accessibility links

Климкин: Украина Донбассты соғыспен қайтармайды


Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.
Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.

Украина билігі елдің оңтүстік-шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылайтын аймақтарды әскери жолмен қайтарып алмайды және Донбасстағы ықпалын саяси тетіктер арқылы қалпына келтіруге ниетті. Бұл жайында Украинаның сыртқы істер министрі Павел Климкин немістің Rheinische Post басылымына берген сұхбатында айтты.

Климкиннің айтуынша, Донбасста әскери операция жүргізілсе, оның салдары аймақтағы "онсыз да қиындық көрген" украин азаматтарына тиеді. Ол украин билігі Донбасстағы жағдайды бейбіт реттеу туралы Минск келісімі талаптарын орындай беретінін және қақтығысты саяи жолмен шешу жолдарын қарастыруды тоқтатпайтынын да айтты.

Украина министрі егер Ресейден әскери көмек алып отырған сепаратистер украин армиясы позицияларына қайтадан шабуыл жасаса, онда украин әскері "тойтарыс беретінін" ескертті. Климкин соңғы уақыттары украин армиясының әскери қуаты "айтарлықтай күшейгенін" айтты.

Павел Климкин бұған қоса Украинаға таяу уақытта батыстың қаржылай көмегі тағы да қажет болатынын жеткізді. Ол Донецк мен Луганск облыстарындағы экономикалық жағдай нашарлап бара жатқанын айтып, Украина бұл облыстардың тұрғындарына мүмкіндігінше қолдау көрсете беретінін білдірді.

Сұхбатында Климкин бұған қоса Украина Қырымды саяси және құқықтық тетіктермен қайтарып алу жолындағы күресін тоқтатпайтынын аңғартты.

XS
SM
MD
LG