Accessibility links

«Эхо Москвы» бас редакторының мәселесі қаралады


Ресейлік «Эхо Москвы» радиостанциясының бас редакторы Алексей Венедиктов.

Ресейлік «Эхо Москвы» радиостанциясының бас редакторы Алексей Венедиктов.

Ресейлік «Эхо Москвы» радиостанциясы директорлар кеңесінің төрағасы әрі «Газпром-Медиа» холдингі басқармасының басшысы Михаил Лесин радионың бас редакторы Алексей Венедиктовтің мәселесін сырттай дауысқа салу туралы шешім қабылдады.

Жұма күні радионың сайтында жарияланған Венедиктовті хабарландыру хатында дауыс беру қарашаның 21-іне белгіленгені және онда бас редактордың мәселесімен бірге радио редакциясы мен оның форматы жайлы мәселелер де қаралатыны айтылған.

«Ведомости» басылымына берген сұхбатында Лесин күн тәртібіндегі мәселелер радиодан жұмыстан кетірілген журналист Александр Плющевке қатысты «акционер мен директорлар кеңесін тыңдағысы келмейтін» бас редактормен арадағы келіспеушіліктен шығып отырғанын айтқан. Бірақ Лесин Венедиктовті жұмыстан алу және радиостанция форматын толық өзгерту мәселелері жайлы ештеңе ашып айтпаған.

Ресей президенті аппаратының жетекшісі Сергей Ивановтың ұлының қазасына қатысты қарашаның 5-і күні Twitter әлеуметтік желісінде «бұл қазаны бір кезде қарт әйелді қағып, оның күйеу баласын соттағаны үшін Құдайдың берген жазасы деп санайсыз ба?» деген жазба қалдырып, ізінше оны өшіріп тастаған Александр Плющев артынан өз қылығы үшін кешірім сұраған еді. Бірақ оның ісін моральдық этикаға жат іс және журналистің өз қызметін теріс пайдалануы деп тапқан «Газпром-Медиа» басшылығы Плющевті қызметтен алған.

Басшылықтың шешімімен үзілді-кесілді келіспейтінін мәлімдеген Венедиктов компания жарғысы бойынша қызметкерді жұмыстан шығару мәселесін көтеруге өзі ғана құзырлы екендігін ескерткен. Лесин мен Венедиктов бірнеше мәрте кездескенімен, даулы іс бойынша мәмілеге келе алмаған.

«Газпром-Медиа» холдингі «Эхо Москвы» радиостанциясы акциялар пакетінің 66 пайызына иелік етеді.

XS
SM
MD
LG