Accessibility links

Роза Төлетаева босатылды


"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы, ереуілдеген мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы, ереуілдеген мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл.

Мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева бүгін қамаудан босатылды деп хабарлады Азаттыққа оның қызы Әлия Төлетаева мен құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның қандай негізде босатылғаны әзірше мәлім емес. Ол бұған дейін өзін мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға өтініш жазғанымен, Ақтау қалалық соты шілденің 30-ы күні өтінішін орындамаған.

Роза Төлетаева 2014 жылдың басынан бері Атырау қаласы маңындағы қоныстандыру колониясында отырған.

Құқық қорғаушылар Роза Төлетаеваның аяқ астынан босатылуын әртүрлі себеппен түсіндіреді, кейбірі осы аптада БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде сынға ұшыраған Қазақстан билігінің айыбын жуу әрекеті деп те болжайды.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің сөзінше, Астанаға Төлетаеваны босату туралы талап бұдан бір ай бұрын, Қазақстан БҰҰ кеңесі алдында кезеңдік есеп берген кезде қойылған. Енді оған БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде айтылған сын да әсер еткен.

- Роза Төлетаеваны босату шешіміне бұлар әсер еткені күмәнсіз, - деді Ерлан Қалиев.

Қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі Ардақ Жанәбілованың пікірі өзгеше.

- Биліктің оған қатысты кесімді көзқарасын ешқашан байқаған емеспін. Өйткені оны әуелі қоныстандыру колониясына еш қиындықсыз апарды. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға қатысты айтарым - елімізде сотқа қатысты көп мәселе бар. Ешкім бірінші жолы өте алмайды. Ол екінші жолы өтті. Бұдан еш гәп көріп тұрған жоқпын, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Андрей Гришин де соттың биыл жазда Роза Төлетаеваны мерзімінен бұрын босатудан бас тартқанын, бүгін босап шыққаны өзіне тосын көрінгенін айтады.

- Қазақстанда ештеңе өзгерген жоқ. Бірақ қазір Қазақстан БҰҰ комитеті алдында есеп беріп жатыр. Онда Роза Төлетаева жайлы мәселені бірнеше рет төтесінен қойған. Қазақстан өкілдері бұған келгенде нақты еш жауап қайтара алмаған, - дейді Андрей Гришин.

2011 жылы Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың ереуілін қорғаған Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында азаптауға ұшырады деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарында аяқталуы тиіс болған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлық жасау", "қарақшылық жасау" айыптары бойынша барлығы 37 адам сотталған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Материал Қазис Тоғызбаевтың қатысуымен жазылды.

XS
SM
MD
LG