Accessibility links

Роза Төлетаеваның түрмеден шыққаны айтылды


"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы, ереуілдеген мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева (сол жақта). Жаңаөзен, маусым 2011 жыл.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы, ереуілдеген мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева (сол жақта). Жаңаөзен, маусым 2011 жыл.

Мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева бүгін қамаудан босатылды деп хабарлады Азаттыққа оның қызы Әлия Төлетаева мен құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Роза Төлетаеваның қандай негізде босатылғаны әзірше мәлім емес. Ол бұған дейін өзін мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға өтініш жазғанымен, Ақтау қалалық соты шілденің 30-ы күні өтінішін орындамаған.

Жаңаөзендегі мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеве 2014 жылдың басынан бері Атырау қаласы маңындағы қоныстандыру колониясында отырған.

2011 жылы Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың ереуілін қорғаған Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында азаптауға ұшырады деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарында аяқталуы тиіс болған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлық жасау", "қарақшылық жасау" айыптары бойынша барлығы 37 адам сотталған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG