Accessibility links

Астана: Каримов–Земан кездесуінен бейхабармыз


Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Чехия президенті Милош Земан.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Чехия президенті Милош Земан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге сапармен келетін Чехия президенті Милош Земан және Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен үш жақты кездесу өткізу жоспары жоқ деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі Азаттыққа.

Қазақстанға қарашаның 24-і күні Чехия президенті Милош Земан, ал қарашаның 25-і күні Өзбекстан президенті Ислам Каримов келетіні бұған дейін хабарланған.

Ақорданың баспасөз қызметі: "Земан мен Каримовтың Астанада екеуара кездесу жоспары бар-жоғын білмейміз. Бірақ Назарбаев, Земан, Каримов үшеуі бірігіп кездесу жоспары жоқ" деді.

Ислам Каримовтың биыл ақпан айында Чехияға жоспарлаған сапары кейінге қалдырылған. Ол Прагаға 20-22 ақпанда сапарлайды деген хабардан соң 30-ға жуық құқық қорғау ұйымдары наразылық танытып, Чехия президенті Милош Земанға "Каримовты шақырма" деп ашық хат жазған еді. Ал Земан жауабында құқық қорғау ұйымдарын "жалған ақпарат" беріп, "екіжүзділік танытты" деп айыптаған.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін ЕО елдеріне екі-ақ рет – 2011 жылы Брюссельге, 2013 жылы Ауғанстаннан әскер шығару туралы келіссөз өткенде Латвияға барды. Соңғы сапарында онымен кездесуге сол кездегі Еуропа комиссиясы төрағасы Жозе Мануэль Баррозу мен НАТО басшысы Андерс Фог Расмуссен ғана келіскен.

XS
SM
MD
LG