Accessibility links

Саяси эмигранттың сөзі журналды жабуға ұласты


Adam bol журналының Айдос Садықовпен сұхбатты жариялаған номерінің мұқабасы. 28 тамыз 2014 жыл.
Adam bol журналының Айдос Садықовпен сұхбатты жариялаған номерінің мұқабасы. 28 тамыз 2014 жыл.

Алматыда Adam bol журналының тиражы тәркіленіп, басылымды шығару тоқтатылды. Қазақ саяси эмигрантының Украинадағы антитеррорлық операцияға қатысу үшін «интернационалдық батальон» құру жоспарланғаны туралы сұхбатын жариялау биліктің талап-арыз беруіне негіз болған.

Бүгін Алматыдағы ұлттық баспасөз клубы «техникалық себептерге байланысты» деген уәжбен Adam bol журналының Медеу аудандық сотының басылымды шығаруды тоқтату туралы шешіміне қатысты баспасөз жиынын өткізуден бас тартты.

Қарашаның 20-сы күні Adam bol журналына байланысты үш оқиға болған. Әуелі Медеу аудандық соты Adam bol журналын шығаруды тоқтату және таратуға тыйым салу туралы сырттай ұйғарым шығарған. Сол күні сағат 16-лар шамасында Adam bol журналы редакциясына сот шешімін орындаушылар келіп, үкімді дереу орындауды талап еткен. Журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, сол күні кешкісін оған журналдың баспаханадағы келесі санының бүкіл тиражы тәркіленгені туралы хабарлаған.

Айдос Садықов оппозиция белсендісі кезінде.
Айдос Садықов оппозиция белсендісі кезінде.

Журналда жарияланған мақаладан соғысты насихаттау белгілерін байқаған Алматы қаласы әкімдігінің талап-арызынан кейінгі оқиғалар былай өрбіген. Қарашаның 18-і күні Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдар Есенбеков сотқа талап-арыз түсірген. Онда тамыздың 28-і күні Adam bol журналында «Наши на чужой войне» деген мақала жарияланғаны (Киевте тұратын қазақ саяси эмигранты, журналда «Майдан» ұлтаралық лигасының тең төрағасы ретінде аталған Айдос Садықовтың телефон арқылы берген сұхбаты) көрсетілген. Сұхбатта Украинадағы антитеррорлық операцияға қатысу үшін «украин, татар, әзербайжан, қазақ және тағы басқа ұлт өкілдерінен тұратын интернационалдық батальон» құру жоспары бар деген болжам айтылған.

Алматы соты Айдос Садықовтың сөздерінен соғысты насихаттау белгілерін тапқан. Конституцияға және «соғысты насихаттау немесе соғысқа үгіттеуге» тыйым салатын заңға сілтеме жасаған әкімдік соттан Adam bol журналының тіркеу куәлігінің күшін жойып, басылымды шығаруға тыйым салуды (оның ішінде электронды нұсқасын да) сұраған. Ол соттан «басылым иесі «ADAMDAR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін және Adam bol журналының бас редакторы міндетін атқарушы Гүлжан Ерғалиеваны журналды шығару мен таратуды уақытша тоқтатуға міндеттеуін» де сұраған.

Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.
Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.

Журнал редакторы Гүлжан Ерғалиева «мұның бәрін ұйымдастырып, ширақтық таныту жергілікті деңгейдегі жалғыз шенеуніктің қолынан келмес еді» дейді.

– Сот шешімін орындаушылар зыр жүгіріп, бір күнде соттап та, жауып та, тәркілеп те үлгерді. Бұл билік басында отырғандардың саяси тапсырысы екені маған бесенеден белгілі, – дейді Гүлжан Ерғалиева.

Оның айтуынша, Adam bol журналын да бұрын Guljan.org сайты мен Adam reader's журналын жапқандағы сценарий бойынша қудалап отыр. Бірақ жоғары деңгейдегі сотқа апелляциялық шағым беруге әзірше сәл де болса уақыт бар.

Adam bol журналы редакциясы қызметкерлерінің айтуынша, сот журналға тікелей қатысы бар іс бойынша отырысы әзірленіп жатқанын редакцияға ескертпей, шешімді сырттай шығарған.

Азаттық тілшісі талап-арыз иесі, Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдар Есенбековпен хабарласты. Ол талап-арызда ешқандай саяси астар жоғын айтады.

– Ешқандай саяси астар жоқ. Онда заң талабы бұзылғаны ғана айтылған, – дейді Айдар Есенбеков.

2014 жылдың басынан бері отбасымен Украинада тұратын қазақ босқыны Айдос Садықов пен оның бала-шағасына мамыр айында ол елде босқын мәртебесі берілген. Айдостың жұбайы, оппозициялық журналист Наталья Садықоваға жергілікті шенеунікке жала жабу бабы бойынша сотталу қаупі төнген соң олар елден кеткен. Билік талап-арызда көрсетілген өтемақының кепілі ретінде Садықовтардың Ақтөбе қаласындағы бір бөлмелі пәтерін тәркілеген. Украинаға жас екі баласымен кеткен Садықовтар қазір Киев қаласында тұрады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG