Accessibility links

Жарылыс болған коллеждің бұрынғы оқытушысы екі айға қамалды


Алматы қаласындағы сән және дизайн колледжі. VKontakte әлеуметтік желісіндегі сурет.

Алматы қаласындағы сән және дизайн колледжі. VKontakte әлеуметтік желісіндегі сурет.

Алматының Алмалы аудандық соты қаладағы сән және дизайн колледжінде 17 қараша күні болған жарылысқа қатысты осы оқу орнында бұрын бастапқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген адамды екі айға қамауға санкция берген. Бұл туралы «Қазақстан жаңалықтары» агенттігі хабарлады.

«Сот бұрын бастапқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген Юрий Викторович Гавриленконы екі айға қамау туралы қаулы қабылдады, ол ЛА-155/1 мекемесіне қамалды» деп хабарлаған Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет.

Оның айтуынша, бұрынғы оқытушының үстінен қылмыстық кодекстің «Қару-жарақ, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, басқаға беру, сақтау» бабы бойынша іс қозғалған. Тергеушілер Гавриленко "әскери гранатаны бірнеше жыл бойы білім мекемесінде заңсыз сақтаған болуы мүмкін" деп күдіктенеді.

Бұған дейін Алматының Алмалы аудандық соты жарылыс болған сән және дизайн колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Ғабит Қараболаевты екі айға қамау туралы санкция берген еді.

Қарашаның 17-сі күні таңертең Алматы қаласындағы сән және дизайн колледжінде жарылыс болып, бір оқушы – 16 жастағы Светлана Яковлева қаза тауып, оннан астам адам жараланған болатын. Дерек бойынша, әскери граната алғашқы әскери дайындық сабағы кезінде жарылған.

XS
SM
MD
LG