Accessibility links

Азаттықтың Adam bol жайлы мақаласы ашылмай тұр


Adam bol журналының Айдос Садықовпен сұхбатты жариялаған номерінің мұқабасы. 28 тамыз 2014 жыл.

Adam bol журналының Айдос Садықовпен сұхбатты жариялаған номерінің мұқабасы. 28 тамыз 2014 жыл.

Азаттық вебсайтында Adam bol журналы туралы жарияланған мақаланың орыс тіліндегі нұсқасы қазақстандық кейбір провайдерлердің қызметін пайдаланушыларда ашылмай тұр. Бұл туралы Азаттыққа бүгін оқырмандар хабарлады.

Осы мақаланың «Саяси эмигранттың сөзі журналды жабуға ұласты» деген қазақ тіліндегі нұсқасы еркін ашылып тұр.

Сайтымызда 21 қараша күні жарияланған мақалада Алматыда жергілікті биліктің пәрменімен Adam bol журналының тиражы тәркіленіп, басылымды шығару тоқтатылғаны жайлы баяндалған. Билік органының сотқа түсірген талап-арызына тамыздың 28-і күні Adam bol журналында жарияланған Киевте тұратын қазақ саяси эмигранты, журналда «Майдан» ұлтаралық лигасының тең төрағасы ретінде аталған Айдос Садықовтың телефон арқылы берген сұхбаты себеп болған. Сұхбатта Украинадағы антитеррорлық операцияға қатысу «бірнеше ұлт өкілдерінен құралған батальон» құру жоспары бар деген болжам айтылған. Жергілікті билік Adam bol журналын «соғысты насихаттады» деп айыптаған. Журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиева ондай айыптауларды жоққа шығарады.

Қазақстанда интернет байланысын қамтамасыз ететін «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының аға диспетчері бүгін Азаттыққа демалыс күндері менеджерлердің жұмыста болмауы себепті сайттың ашылмай қалуы туралы сұраққа түсініктеме алу үшін дүйсенбі күні хабарласуға кеңес айтты.

Қазақстанда ашылмай қалған Азаттықтың мақаласын Facebook әлеуметтік желісіндегі парағымыздан оқуға болады. Биыл қазан айында Азаттық вебсайтында «Қазақ мемлекеттілігі хақындағы Назарбаев пікірінің «эволюциясы» атты мақаланың орыс тіліндегі нұсқасы ашылмай тұрғанына оқырмандар шағым айтқан еді.

XS
SM
MD
LG